Балаларды ұруға заңмен тыйым салу қажет. Біріккен Ұлттар ұйымының Қазақстандағы өкілі Артур Ван Дизель еліміздегі отбасылық зорлық-зомбылық мәселесін көтерді. Мамандар «таяқ жеп өскен бала мектепте әлімжеттік көрсетіп, қатегездікке барады» дейді.
Қазақстанда педофильдер азаймай тұр. Баласын аяусыз ұрып өсіретін ата-ана да көп. Құқық қорғау органына жылына 100 мыңнан астам қоңырау түседі екен. Алайда көбі арыз жазбағандықтан, ұрып-соққан адам жазасыз қалады. Енді жәбірленушінің шағымы болмаса да, полиция үй маңындағы бейнебақылау камерасын тексеріп, көршілерден сауалнама алып іс қозғай береді дейді Ішкі істер министрлігі.
Ренат Зұлхайыров, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары:
Тұрмыстық жанжал бойынша хабарласқан отбасы мүшелері енді бір рет қана татуласа алады. Онда да тек сот арқылы. Ұрып-соққан адамға жазаны күшейтіп жатырмыз. Енді олар ескерту алады немесе 5 тәулікке қамалады. Қайталанған жағдайда 10 тәулік абақтыда отырады.
Ал Біріккен ұлттар ұйымының Қазақстандағы өкілі балаларға қол көтеруді заңмен тыйым салуды ұсынды. Мұндай норма әлемнің 65 елінде бар. Тағы 27 мемлекет қосылуға дайын.
Артур Ван Дизен, БҰҰ Балалар қорының Қазақстандағы өкілі:
Балаларды ұруға тыйым салу туралы заңды Қазақстанмен көршілес елдер де қолдап жүр. Яғни, үйде немесе үйден тыс жерде балаға қол көтеруге болмайды. «Мен осылай өстім, өлген жоқпын. Енді баламды да солай өсірем» деп ойлаудың қажеті жоқ.
Үйде қатігездікпен өскен бала мектепте әлімжеттік көрсетеді. Бұл Оқу-ағарту министрлігінің уәжі. Қазіргі күні түрлі мәселесі бар 6 мың бала мектепшілік есепке алынған.
Еділ Оспан, ҚР Оқу-ағарту министрінің орынбасары:
Соңғы кезеңдерде балалар арасындағы зорлық-зомбылық, қатігездік фактілерінің өткен жылмен салыстырғанда өсуін байқап отырмыз. Бұл ерекше алаңдатарлық жағдай.
Былтыр 7200 адам ата-ана міндетін дұрыс атқармағаны үшін жауапқа тартылған. 39 адам балаларды жәбірлеу жағдайларын жасырғаны үшін жазаланған. Мамандар ата-ана жауапкершілігін тағы да арттыру қажет дейді.
Айя Мүтәлі