Жыл соңына дейін 5 млн гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылады - министр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жыл соңына дейін 5 млн гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылады - министр

14.05.2023

Міндетті медициналық сақтандыруды қажет емес деуден аулақпыз. Тек оны тиімді пайдалана білу маңызды. Мәселен, Израильді алсақ. Бұл елде де міндетті медициналық сақтандыру заңмен бекітілген. Одан түскен қыруар қаржы денсаулық сақтау саласын дамытуға жұмсалады. Нәтижесі сол: Израиль халқының өмір сүру ұзақтығы. Орташа – 84 жас. Осы жағымды көрсеткішінің арқасында әлем бойынша 3-ші орында.

Израильді денсаулық сақтау ғана емес, ауыл шаруашылығы саласында да үлгі етуге болады. Олардың фермерлері халық тұтынатын азықтың 95 процентін беріп отыр. Тіпті, ЕуроОдақ пен ондаған мемлекетке экспорт жасайды. Бір назар аударарлық деталь: Израильде ауыл шаруашылығымен айналысуға жарамды жер көлемі 20 пайызға да жетпейді. Міне, мынау Израиль. Территориясы бойынша әлемде 149-шы орында. Мынау – Қазақстан. 9-шы орында деп мақтанатын...

Израильдің басты сыры: жаңа технологиялар. Соның арқасында тапшы суды тиімді пайдаланып, шөлейт жерді де еміп отыр. Изарильде бір фермер 100 адамды қоректендіреді екен. Қазақстанның басты кедергісі: жемқорлық. Бұған келтіретін дәлел де аз емес. Мәселен, Аптада жиі көтеретін жайылым тапшылығы мен бос жатқан телімдер...

Абай облысындағы Құмқөл ауылының жұрты осы мәселені көтеріп шырылдап отыр. Бірі елдімекен маңындағы жерді иемденіп, айналасын қоршап алған. Тіпті, орманды да отап тастаған. Ал ауыл тұрғындары малын баға алмай әлек. Жер иесі бақташы екен. Заң жүзінде. Бірақ құмкөлдіктер оның артында бір дөкейдің тұрғанын айтады.

Тайлы-тұяғы қалмай жиналып тұрған Абай облысындағы Құмкөл ауылының тұрғындары. Халық ауыл маңында мал жаятын тоқымдай жердің жоқтығын айтқалы қашан. Елдімекен іргесіндегі 100 гектардан асатын алқапты біреу иемденіп алыпты. Ауыл тұрғындары бақташының атын жамылып, аудан орталығындағы бастықтардың бірі басып қалғанын айтады. Бірақ атын атауға сескенеді. Өйткені, құқық қорғау саласындағы лауазымды қызметте болғандықтан, зияны тие ма-деп қорқатын көрінеді.

Әділет Жиенбаев, Құмкөл ауылының тұрғыны:

Органда жұмыс істейтін мықты адам дейді. Өзі жоқ ұстатпайды. Білмеймін бір жерде демалып жатыр дейді. Іргеден 150 гектар жерді алып қоршап алған. Мал жайылтын жер жоқ.

Марат Уәлиев, Құмкөл ауылының тұрғыны:

Ылғи бастықтар алып алған. Қазір осы шабындығын да, жайылымын да, жайлауын да. Ауылда жоқ. Міне жастар бір гектар шабындық жер ала алмай отыр.

Жер рәсімделіп кеткендіктен, тұрғындар шарасыз. Шабындығын айналдыра қоршағаны аздай, іргедегі орманды отап, ағашты құрылыс материалы ретінде қолданған.

Ержан Жақып, тілші:

Ауыл іргесіндегі 100 гектардан астам жер қазір осылай түгел қоршауға алынған. Оған тікенек сымдарды орнату үшін, орманнан терек, тіпті қызыл кітапқа енген мойыл, долана, барбарис сынды жеміс ағаштарын да аямай отап тастаған.

Орманды заңсыз кесіп жатқанын жұрт көргенмен, ешкімге тоқтау сала алмаған.

Әділет Жиенбаев, Құмкөл ауылының тұрғыны:

Кеспе! Кеспеңдерші деп келдім мен атпен. Сонда тұрып, «Бізге кес деп айтты жоғарғы жақтан. Кес деп айтқан!». Жас тал ғой, обал ғой-десек, біздің жоғарғы жақта көкелеріміз бар дейді. Ол көкелері қандай көке? Обал ғойы мынау, қараңыздаршы. Адамның жылағысы келеді. Мынаны елу жыл бұрын ата-бабаларымыз еккен. Елу жылда 20 сантиметрге әрең жуандаған. Енді мұны қайта ексе, елу жылда қайтып орнына келеді. Келмеуі де мүмкін. Болды қалды, бітті табиғат дегенің. Сұмдық қой!

Заңды белшеден басқан адамның кім екенін білу үшін, аудандық әкімшілікке бардық. Өткен жылы 100 гектардан астам жер конкурстық комиссия шешімімен Қайырхан Китатов есімді азаматқа берілген болып шықты. Жер комиссиясының мәліметінше, ол алқапты игеру үшін 50 миллион теңге инвестиция құямын деп бизнес жоспарын жариялаған көрінеді. Комиссия мүшелері ұсынысын қабылдап, бір ауыздан дауыс берген екен.

Қайрат Мауадинов, Ақсуат ауданы әкімінің орынбасары:

8 адам құжат тапсырған бұл жерде. Конкурстың тәрібі бойынша конкурсқа қатысушылар жабық негізде конвертті әкеліп тапсырады. Инвестициялары, өздерінің істеймін деген талаптары бәрі сәйкес келгендіктен.

Ал құжатта аты сайрап тұрғанмен, жердің заңды иесі етіп тіркелген Қайырхан Китатовтың өзі алқаптың қалай алынғандығын толық білмейді. Мал бағып, өз тірлігін кешіп жүрген шаруа құжатта есімі жазылғанымен, жердің шын иесі басқа деп отыр.

Қайырхан Китатов, Құмкөл ауылының тұрғыны:

Біреулер рәсімдеп тұр. Бір жігіт. Қатысым жоқ. Бірақ, менің атымнан болып тұр бәрі. Менің атымнан шығып тұр ауылдың азаматы болған соң. Енді өз еркіммен өткізіп берейін.

Алынған алқапты өз еркімен өткізіп берген күннің өзінде, заңсыз оталған орманға да құжат бойынша жауапты осы малшы болып қалып отыр. Анықталғандай 500 түпке жуық ағаш «Семей Орманы» табиғи орман резерватының ерекше қорғалатын аумағынан кесілген.

Жансая Жолданова, Абай облыстық орман шарушылығы аумақтық инспекциясы бөлімінің бас маманы:

Мемлекеттік орман қорына келтірілген залал анықталды. Ол 1 млн 980 мың 914 теңгені құрады. ҚР Қылмыстық кодексінің 340-шы бабы шеңберінде 3000 АЕК ке дейінгі айыппұл, бас бостандығынан шектеу және мүлкін тәркілеу көзделген.

Ал Құмкөл тұрғындары, ауылдастарының еш жазықсыз жауапқа тартылғанын қаламайды. Құқық қорғау органдары, прокуратура мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі осы фактіге назар аударып, жерді нақты пайдаланып отырған адамды анықтап шара қолданса деп сұрап отыр.

Ұшқын Кенжебаев, Құмкөл ауылының тұрғыны:

Қайырханымыз малшы жігіт. Өзі біреудің малын бағатын азамат. Ол баланың қолынан келмейді. Оның артында үлкен адам тұрғаны белгілі нәрсе. Кім істетіп отырғанын, анықтап бізге шешіп берулеріңізді өтініп отырмыз.

Егер қарапайым малшы Қылмыстық кодекстің бабына сәйкес жерді өзі пайдаланбағанын, орманды отауға қатысы жоғын дәлелдей алмаса, 10 миллион теңгеден астам айыппұл төлеп, тіпті бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Қайрат Мауадинов, Ақсуат ауданы әкімінің орынбасары:

Конкурстың тәртібі бойынша, конкурсқа қатысушылар жабық негізде конвертті әкеліп тапсырады. Бұрындары бізге жер кодексінің талаптарына сәйкес, конвертке салған кезде көрсететін. Ол кезде банкте счетта ақша болатын да. Менде 2 миллион бар, 3 миллион бар дегенді счетпен қарайтынбыз. Кейін оны алп тастады. Азаматтардың қол қойылған печать басылған құжат болса біз оны қабылдаймыз. Міндеттемені өзіне қабылдап алады. БІзге сол жеткілікті.

Аудан әкімінің орынбасары айтқан жер кодексіндегі бұл өзгеріс, өзгенің атынан оп-оңай конкурсқа түсіп түрлі схемалармен жер рәсімдеуге жол ашып берген сыңайлы. Сондықтан, жер беру тәртібін қайта қарастырған жөн-ау.

Дамир Аспан, Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілі:

2025 жылдың қорытындысы бойынша біз, шамамен 5 миллионнан астам жерді қайтарған болатынбыз. Сонымен қатар, биыл жылдың соңына дейін ең кемінде 5 миллион гектар жерді мемлекет меншігіне қайтарамыз ба деген жоспарымыз бар.

Мемлекетке қайтарылып жатқан миллиондаған гектарлар енді тиімді пайдалану үшін халыққа қайта беріледі деген сөз. Бірақ, оны астыртын жолмен шенді-шекпенділер, қалтасы қалың бай-бағыландар алып алмасына кім кепіл?!

Ержан Жақып

Хабарламаларға жазылу