Талдықорғанда Жетісу IT HUB кеңсесі ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Талдықорғанда Жетісу IT HUB кеңсесі ашылды

13.05.2023

Талдықорғандағы Жастарға қызмет көрсету орталығында Жетісу IT HUB кеңсесі ашылды. Жаңа орталықтың ашылу салтанатына Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі қатысты. «Astana Hub» орталығымен бірлескен жоба өңір жастарының бизнес идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Бұл жерде жастар өздерінің тың жобаларын дамытып қана қоймай түрлі байқауларға қатысып, гранттар ұтып алуына көмек көрсетіледі. Тәжірбиелі мамандардан кеңес алып, заманауи цифрлық технологияларды меңгеруіне жағдай жасалған.

Әсел Құлынтаева, «Astana Hub» орталығының аймақтық менеджері:

Студенттердің өздерінің жаңадан мүмкіндіктері пайда болады. Яғни олар ІТ саласы маманы болмай-ақ, ақпараттық жүйе мамандығын оқымаса да, бағдарламашы болмаса да, олар кез келген мамандықта оқыған студенттер осы курстарды өту арқылы өздерінің жобалық жобаларын жасап шыға алады.

Сапар барысында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Жетісу өңірінің жұртшылығымен кездесті. Басқосуға үкіметтік емес ұйым басшылары, діни бірлестік жетекшілері мен жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері қатысты. Жиында азаматтық қоғам қалыптастыру бойынша атқарылған жұмыстар талқыланып, Масс медиа туралы заң мен журналистердің мәртебесі жайында бірқатар мәселелер көтерілді. Дархан Қыдырәлі жаңадан құрылған облыстың идеологиялық әлеуетінің жоғары екенін айтып, өңірдің еріктілері атқарып жатқан жұмыстарын ерекше бағалап өтті.

Дархан Қыдырәлі, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:

Масс медиа туралы заң бұл журналистің құқығын айқындайды, оның мәртебесін белгілеп бекітеді. Сонымен қатар онлайн платформа және онлайн жарнама бұл депутаттық бастама бойынша әзірленген. Біз әрине ол заңның да жетілуіне, жүруіне министрлік ретінде көмек көрсетеміз.

Қуаныш Қанатұлы


Хабарламаларға жазылу