Қарағанды облысының тұрғыны тибеттік технологиямен 17 түрлі құрт өндіреді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысының тұрғыны тибеттік технологиямен 17 түрлі құрт өндіреді

11.05.2023

Тибеттік технологияны қолданып, құрттың 17 түрін жасайды. Қарағанды облысының Қарқаралы қаласында тұратын Сламбек Қинаят өндірген ұлттық тағамның дәмі бір-біріне ұқсамайды. Бал мен жеміс-жидектің түр-түрін қосады.Сондықтан болар, өнімге сұраныс артқан. Залалсыздандырады, тастың ерекшелігі. Бұрын ата-бабаларымыз фильтр ретінде пайдаланған. Енді қазір біз сүтке осыны пайдаланып жатырмыз да. Сламбек Алтай тауларынан жинап алған сирек тастарды тәулік бойы сүтке салып қояды. Бұл ақтағы түрлі бактерияларды залалсыздандырып, пайдалы минералдармен байыту үшін керек. Ел аузында оны бауыртас деп атайды. Цехте құрт қаймағы ажыратылмаған сүттен жасалады. Сондықтан тіске жұмсақ. Ал дәмін келтіру үшін бал, жеміс-жидек қосады. Қазір мұнда ұлттық тағамның 17 түрі дайындалады. Ең пайдалысы ежігей құрт. Ол қайнатылған қатық пен сары ірімшіктің қоспасынан әзірленеді. Ақуызға өте бай. Құрамында емдік қасиеті мол өсімдіктер де бар.

Сламбек Қинаят, кәсіпкер:

Қарасаңыздар, мынау шөп. Құрт емес, мынау шөп. Осы шөпті мен пайдаланамын қазір. Бұл мың да бір ем. Мал азығына пайдаланамын, құрт қайнатар кезде осыны аздап қосып істейміз.

Кәсіп иесі тәулігіне шаруашылығынан 500 литр сүт жеткізіп, одан шамамен 50-60 келі құрт жасайды екен. Үш қызы қолқанаты, ал зайыбы тапсырыс қабылдап, дайын өнімді өткізеді. Сұраныс өте жоғары дейді. Кәсіпкер келешекте сүт өнімдерімен емдейтін шипажай салуды жоспарлап отыр. Ал құртқа қосатын балды өндіру үшін омарта ісіне қолайлы павлония ағашын шетелден алдыртып, жерсіндірмек.

Руслан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу