Тараз тұрғыны құрма қосылған сүт өндіреді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тараз тұрғыны құрма қосылған сүт өндіреді

29.04.2024

Тараздық тұрғын елімізде бұрын болмаған бизнес түрін қолға алды. Мұхит Қалқабаев пальма құрмасын қайнатып, сиыр сүтіне қосу арқылы жаңа сүт түрін ойлап тапты. Ал арнайы ашқан цехында 4 адамды жұмыспен қамтып отыр. Ол бұған дейін банк саласында жұмыс істеген. Бірақ сүтке деген қызығушылығы жеңіп, 25 жыл істеген қаржы саласындағы қызметін тастайды. Ол осыдан 4 ай бұрын балалары үшін банан, құрма секілді жемістерді езіп, сүтке арластырып көреді. Сынағы сәтті болған соң, «Құрма сүті» деген атпен өз өнімін шығарады.

Мұхит сүт дайындау үшін алдымен құрманы сүйегінен ажыратып, қайнатады. Сосын қоймалжың тосап болғанда сүтке қосып, 90 градуста тағы пісіреді. Аядай бөлмеде тәулігіне 200 литр сүт дайындалады.

 Мұхит Қалқабаев, кәсіпкер:

Құрманың пайдасы зор, мол. Оны көпшілік біледі. Сүттің пайдасын бәріміз білеміз. Енді бұл екеуі қосылғанда  жүрек ауруына, тамыр ауруына өте пайдалы.

Кәсіпкер тың идеясы үшін мемлекеттен 5 млн теңге грант ұтқан. Қайтарымсыз қаражатқа сүт қайнататын қазандар мен тоңазытқыш алған. Ал кәсібін дамытамын десе қаржылай қолдаудың басқа да нұсқалары бар. Сүт өндіруші азамат енді кәсібін кеңейту үшін құрма сүйегінен кофе жасамақ.

Ислам Тұрсынбек, облыстық кәсіпкерлік басқармасы бөлімінің бас маманы:

Кәсіпкер 2-ші деңгейлі банктен несие алса мысалы 20%-дық несие. «Даму» қорына барып келісіп пайыздық үстемесін 20 пайыздан 7 % дейін түсіреді. Айырмашылығын мемлекет өзі төлейтін болады. Мысалы ол жерде ауданда тұратын кәсіпкерлерге 7%-ға дейін түсіріледі, ал қалада тұратын кәсіпкерлерге 8%-ға дейін түсіріліп беріледі.

Данияр Әлімқұл


Хабарламаларға жазылу