ШҚО-да өндірісте болатын жазатайым жағдай азаймай тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ШҚО-да өндірісте болатын жазатайым жағдай азаймай тұр

05.05.2023

Шығыс Қазақстан облысында өндірісте болатын жазатайым жағдай азаймай тұр. Тек биыл 24 адам жұмыс уақытында зардап шексе, бір адам көз жұмған. Еңбек қауіпісіздігін бақылау инспекциясы мамандарының айтуынша, келеңсіздіктің көбі жұмыс беруші тараптың салғырттығынан болады. Мәселен «Өскемен жылыту электр орталығында» жұмысшының аяғын көмір тиеген вагон басып кетті.

Ержан Сапарғалиев жылыту орталығында көмір тиелген вагондарды темір жолда бағыттап, қозғалысын реттеуші болған. Биыл наурыз айының басында жұмыс уақытында екі вагон соғылады. Сол сәтте оң аяғын бөліп кеткен. Өте көп қан кеткендіктен ес-түссіз ауруханаға жеткізіледі. Ал арнайы құрылған комиссия оқыс оқиғаға 70-80 пайыз Ержан Сапарғалиевтің өзі кінәлі деген қорытынды шығарады. Тек мемлекеттік еңбек инспектор ғана бұл шешіммен келіспейді.

Ержан Сапарғалиев, қала тұрғыны:

80 процентпен қалай келісем? Комиссияны кім құрып отыр. Ол комиссияда кім болды? Нақты шешілгенде қалай шешілді ол? Адам тағдырын қалай шешіп отыр?

Адам тағдырына қатысты шешімді бірнеше адам ғана қалай қабылдап отырғанына жұбайы да наразы. Жазатайым жағдайдан соң жылыту электр орталығы басшылығы жұмысшысының қал-ахуалын білмегеніне қатты қапалы.

Әсем Әділханова, қала тұрғыны:

Кеше 2,5 млн сомасында ақша аударып жіберіпті. 16:00-де. Мен шағым түсіргеннен кейін. БАҚ шыққаннан кейін. Осы уақытқа дейін қайда қарады сонда? Көмектері құрсын. Тіпті хәлі қалай деп те сұрған жоқ.

Мемлекеттік еңбек инспекциясының басшысы бұған дейінгі комиссияның шешімі түпкілікті емес деп отыр. Зардап шеккен азаматтың жеке арызына сәйкес тағы тексерілмек. Тіпті қылмыстық іс те қозғалатынын айтты.

Бақытбек Қизатов, Облыстық еңбек инспекциясы басқармасының басшысы:

70 процент кәсіпорынның кінәсі. 30 процент жұмысшы кінәлі деп берген. Енді ол кісіден арыз кеп түскесін, қарап тергеп-тексеріп, 15 жұмыс күн ішінде қорытындыны беруім керек.

Жылыту электр орталығының басшылығы оқыс оқиға жұмысшының қателігінен болды дейді. Ал қауіпсіздікті қадағалау бойынша енді ғана нақты шаралар атқарылмақ.

Медет Мұздапаров, «Өскемен ЖЭО» ЖШС Қауіпсіздік және еңбекті қорғау қызметінің жетекшісі:

Арнайы комиссияның шешімі бойынша шаралар жаздық. Сол шараларды орындаймыз. Соның есебін қауіпсіздік басқармасына береміз.

Құзырлы органдар кімнің кінәлі екенін анықтай алмай жүргенде Ержан Сапарғалиев әлеуметтік жағдайы қалай болатынан алаңдап отыр. Өйткені оған ұзақ уақыт емделіп, оңалтудан өту керек. Оған қоса жұбайы да жұмыстан шығуға мәжбүр болған.

Олжас Керейхан


Хабарламаларға жазылу