Еңбек талаптарына қатысты осы аптада талқыланған тақырыптардың бірі – 4 күндік жұмыс аптасы. Қазақстанның Еңбек кодексіне осындай өзгеріс енгізіліп жатыр. 4 күндікке мекемелер ресми түрде шілдеде көше алады. Бірақ бұл тұтас халық осындай жұмыс режиміне ауысады деген сөз емес. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмыс берушілер 4, 5, 6 күндік еңбек тәртібін апта сайын алмастыра алатынын айтады. Демек, қазақстандықтардың жұмыс сағаттары қысқармайды. Бір жетіде 3 күн демалса, келесісінде соның орнын толтырады ғой.
Жыл сайын әлем бойынша «ең бақытты» мемлекеттер рейтингі жарияланып тұрады. Елдер халық саулығы, еркіндік деңгейі, әлеуметтік қолдау, табысы мен жомарттығы сияқты бағыттар бойынша бағаланады. Алғашқы 3 орынды үнемі Еуропа елдері алып жүреді. Былтыр Финляндия көш бастаған. Ал Батыс елдерінің басым бөлігінде 4 күндік жұмыс аптасы енгізілгенін ескерсек, бақытты болуы да содан шығар? Сонымен, өзге жұрт мұндай практиканы не үшін енгізген екен? Қалай жүзеге асып жатыр? Аптасына 5-6 күн жұмыс істегеннен гөрі 3 күн жақсылап демалғаны неге тиімді?