«Қазақфильм» Наурыз мерекесін атап өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Қазақфильм» Наурыз мерекесін атап өтті

28.04.2023

Әз-Наурыз мерекесі елдің түкпір-түкпірінде әлі де тойланып жатыр. Бүгін Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында киіз үйлер мен алтыбақан орнатылды. Шара аясында қазақ өнерінің майталмандары Сұлтан-Ахмет Қожықовтың, Әмен Қайдардың және Нұрмұқан Жантөриннің мерейтойына орай тұлғалардың есімі еске алынып, шығармаларынан сыр шертілді. Биыл танымал кинорежиссер Сұлтан-Ахмет Қожықовтың және қазақ анимациясының негізін қалаушы Әмен Қайдардың туғанына 100 жыл толды. Сондай-ақ, театр және кино актері Нұрмұқан Жантөриннің 95-жылдығы. Тұлғалардың көзін көргендер олар туралы ыстық лебіздерін айтып, естеліктерімен бөлісті.

Асанәлі Әшімов, Қазақстанның халық әртісі:

Сұлтекең, Нұрмұхан, Әмен. Үшеуі де – ұлы. Ұлы адамдар. Әрқайсысы өзінің саласында жасаған еңбектері, халыққа жасаған қызметтері ұшан теңіз. Тойларың құтты болсын. Той тойға ұласа берсін!

Бүгін «Қазақфильм» киностудиясының аумағында ұлан асыр той. Жиналғандар ұлттық тағамдар мен наурыз көжеден дәм татып, сахналық қойылымдарды тамашалады.

Серік Әбішев, «Қазақфильм» АҚ вице-президенті:

Көптеген ұлттық киноларды түсірген киностудия болғандықтан бізде барлығы киіз үйлер, соның ішінде ұлттық жәдігерлер, киімдер костюмдар, барлығы бар. Осылай кездесіп, бірігіп, ұйымдасып, осылай бір мерейтойды жалпы қазақ киносының күні деп те айтсақ болады.

Ұлыстың ұлы күні қарсаңында ең үздік ас мәзірі мен ерекше ұлттық киім сайысы ұйымдастырылып, жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар үлестірілді. Мерекеде кино саласының майталмандары бір-бірлеріне ақ жарма тілектерін жаудырып, ыстық лебіздерін білдірді.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу