Біле жүріңіз: Тұрғын үйді сатқанда азаматтар салық төлеуге міндетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Біле жүріңіз: Тұрғын үйді сатқанда азаматтар салық төлеуге міндетті

22.04.2023

Тұрғын үйді сатқанда азаматтар салық төлеуге міндетті. Егер, табыс салығын төлемесе 51 750 теңге айыппұл салынады. Алайда, бұл баспана сатқандардың барлығы салық төлейді дегенді білдірмейді. Кімдер, қандай жағдайда босатылады?

Пәтер сатқанда қалай салық төлемеуге болады және салықтан қандай жағдайда жалтаруға болмайды?

Бір жылға жетпей сатып алынған пәтерді сатып алған бағадан қымбатырақ бағаға сатқан кезде жеке табыс салығын төлеу қажет. Ол Қазақстан азаматтары үшін – 10%-ды құрайды. Мәселен: былтыр 1 желтоқсанында 25 миллион теңгеге сатып алынған пәтерді биыл 1 тамызда 30 миллионға саудалассаңыз, салықтан босатылмайсыз. Себебі пәтерді сатып алғанына бір жыл өтпеген және алған бағаның үстіне 5 миллион теңгеге қосылып тұр. Сонда жеке табыс салығы 500 мың теңге болады.

Ал шетел азаматтары 15% мөлшерде салық төлейді. Олар үшін сату кезінде тұрғын үйге иелік ету мерзімі қарастырылмаған. Яғни, кез келген жағдайда төлеуі шарт.

Егер пәтер меншігіңізде бір жылдан астам уақыт болса немесе бағасында өсім болмаса, салық талап етілмейді. Жалпақ тілмен айтқанда 2021 жылдың 1 желтоқсанында 25 миллион теңгеге сатып алынған пәтерді 2022 жылдың 2 желтоқсанында 30 миллион теңгеге салық төлемей-ақ сата аласыз. Бұл жерде тұрғын үйге меншік құқығы нотариус мәмілесінен кейін емес, мемлекеттік деректер базасында тіркелгеннен кейін пайда болатынын түсіну маңызды.

Салық қалай есептеледі? Үйді сату кезінде салықты есептеу үшін мүлік құнының өсімін, яғни кірісті дұрыс есептеу маңызды. Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, бұл тұрғын үй түріне және меншік құқығын алу тәсіліне байланысты.

Кейбір сатушылар салық төлегісі келмегендіктен шартта төмен бағаны көрсетіп, қалғанын қолма-қол ақшамен төлеуді сұрайды. Бұл сатып алушы үшін үлкен тәуекел, өйткені мәміле жойылған жағдайда ол тек келісімшартта көрсетілген соманы қайтара алады. Қолхат ақшаны қайтаруға толық кепілдік бермейді.

Салықты қайда төлеу керек? Салықты есептеу сатушыға жүктеледі. Ол пәтерді сатқаннан кейінгі жылдың 31 наурызына дейін 240.00 нысаны бойынша жеке табыс салығы декларациясын тапсыруға міндеттеледі. Салықты 10 сәуірге дейін төлеу керек. Декларацияны төмендегі жолдармен тапсыруға болады: «Салық төлеушінің кабинеті» арқылы, E-Salyq Azamat мобильді қосымшасы, eGov.kz сайтында, ХҚКО-да; облыстық мемлекеттік кірістер департаментіне жүгіну арқылы.

«eSalyq Azamat» мобильді қосымшасы арқылы, банктерге, Қазпошта бөлімшелеріне барсаңыз болады. 

Салық төлемеген жағдайда бірінші ескерту беріледі. Құқық бұзушылық қайталанған жағдайда – 51 750 теңге айыппұл салынады.

Асылбек Данияр


Хабарламаларға жазылу