Жамбыл облысының еріктілері еліміз бойынша ең көп грант ұтқан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысының еріктілері еліміз бойынша ең көп грант ұтқан

19.04.2023

Жамбыл облысының ерікті жастары соңғы екі жылда еліміз бойынша ең көп грант ұтқан. Бүгінде еңбекке жарамсыз жандарға ерекше қолдау көрсетіп жүрген жамбылдық жастар жасағы 12 мыңнан асады. Олар мұқтаждарға медеу боп, көпбалалы жандарға да көмек көрсетеді. Айналадағы адамдарға қолын ұшын созып жүрген қозғалыс мүшелері ауылдарда да асарлатып жүр.

Осылай елдің есігін қағып жүрген еріктілердің қоғамға қосар үлесі қомақты. Еңбегі үшін ақы сұрамай, алғыс алатын жастар жасағы жығылғанға сүйеу, жылағанға тіреу болып жүр. Қордай ауылының жастары жалғыз басты қарияның үйін тазалап, үйілген қоқысын шығаруға келіпті. Бақшасын да баптап, кейуананың көңілін көтеріп қойды.

Ал Диана Чоль есімді орыс қызы болашақ заңгер. Аудан орталығындағы колледжде 2 курс оқиды. Сабақтан тыс уақытта құрбы-құрдастарының басын қосып, ардагерлер үйіне асарға барады. Осылай жер аударады, ағаш тасып, гүл отырғызады.

Диана бастаған топ жергілікі әкімдіктен жұмысқа жарамсыз жандардың тізімін алып алған. Бүгінге дейін 100-ден аса үйге барып, көмек көрсетіпті.

Диана Чоль, ерікті:

Адамдарға жақсылық жасағым келеді. Сондықтан мен осы жұмыста қаламын. Мен тоқтамаймын. Ары қарай барамын, осы үлкен кісілерге барып, көмектесіп тұрамыз.

Қайырымды жұмыстың қайыры көп деп, жұмыла жұмыс істеген жастарға 80 жастағы Әбдібек ақсақал да алғысын айтты.

Әбдібек Сейілханов, ардагер:

Жастарға ризамыз, өйткені жасың ұлғайған сайын үйдің майда-шүйде тірлігіне де адамның ыңғайы келмейді екен. Сондықтан бұл балалар бізге көмектесіп жүргеніне біраз жыл болды. Инабатты, кішіпейіл, адамммен жасқы сөйлесіп, жүрегіңді риза ғып кетеді.

Иә, еріктінің атын еңбек шығарады. Жамбылдық волонтерлар былтыр еліміз бойынша ең көп грант ұтып, 15 млн теңгеден астам қаржыға қол жеткізді. Бұл жетістік олардың қамқорлық танытып, қол ұшын созуды мықтап меңгергенінде жатыр.

Арайлым Абдуалиева, Жамбыл облыстық Жастар ресурстық орталығының директоры:

Былтыр 28 волонтерымыз «Азаматтық бастамаларды қолдау» қорынан 28 грант ұтып алған болатын. Негізі 30 грант ұтып алды, соның 28-і Жамбыл облысында жүзеге асырылды.

Ал гранттар қаржысына өздеріне құрал-саймандар мен арнайы киімдер алған. Бүгінде Жамбыл облысында 12 мыңнан астам ерікті бар. Жалпы саны 13 волонтерлық ұйым мен 109 бастамашы топ жұмыс істейді. Айта кетерлігі олар асарлатудан бөлек балаларға шебелік сағаттарын өтеді, қолөнер, тарихтану және тіл үйретумен де айналысады.

Данияр Әлімқұл


Хабарламаларға жазылу