Астана театры Оралға өнер сапарымен келді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астана театры Оралға өнер сапарымен келді

19.04.2023

Астана қаласының музыкалық жас көрермен театры Оралға өнер сапарымен келді. Жоспарланған қойылымдар көрермен сұрауы бойынша күніне екі реттен қойылып, аншлагпен өтіп жатыр.

Әсіресе, көпшілік ықыласына бөленген «Гауһартас» драмасы алты күн қатарынан жүрді. Режиссер Асхат Маемиров сахналаған бұл қойылым халық арасына кең таралған әндерді актерлардың тамаша орындауымен, пластикасы, шеберлігімен көрерменді тәнті етті. Гастрольдік сапарға жас театр ұжымы алты қойылым әкелген. Атап айтқанда, «Гауһартаспен» қоса, «Абай-Тоғжан», «Шәмші», «Ғашық жүрек» драмалары, сондай-ақ балаларға арналған ертегілер де бар. Құрылғанына үш жыл ғана болған театрдың талантты труппасы Жайық жұртшылығын ұмытылмас әсерге бөледі. Өнер ордасының сапары әрі қарай Ақтауда жалғасады.

Асхат Маемиров, театр директоры, режиссер:

Осы сапарда мен әртістеріміздің шығармашылық әлеуеті қандай екенін көрермен арқылы сезіп отырдым. Көзіқарақты, өресі биік көрермен актерді биіктетеді. Сондықтан спектакльдерді талдап, бізге бағасын беріп, зерттеп-зерделеп жатқан көрермен - кез келген театр үшін таптырмас жандар.

Ардақ Мұратқызы


Хабарламаларға жазылу