Басты Жаңалықтар Таразда тендердегі баға таңданыс тудырды

Таразда тендердегі баға таңданыс тудырды

Таразда асхана пешіне тендер жариялаған облыстық әкімдіктің жоспары қоғам қарсылығын тудырды. Жұрт не себептен тұрмыстық техниканы бір млн теңгеге алғалы жатқандарын түсінбей отыр. Сондай-ақ екі млн теңгеге 5 планшет пен төрт млн теңгеге LED-экранның да бағасы сауал тудырды. Қоғам белсенділерінің пікірінше, дотациялық өңір қаржылық қиындықтарын еңсере алмай отырғанда әкімдікке артық дүние алудың қажеті жоқ.

Исламбек Дастан, қоғам белсендісі:

Төрт млн теңгеге LED-экран алады. Ал ол деген мемлекеттік саясатты осы LED-экранмен жүргіземін дей ме? Тараз қаласында қаншама LED-экрандардың орындары тұр ғой. Әкімшілікке газ плитаның керегі не? Самса пісіру үшін бе?

Мемлекеттік сатып алу порталындағы мәлімет бойынша тендерді ұтқан серіктестік ас үй пешін 600 мыңнан асатын қаржыға орнатып бермек. Ал жергілікті билік өкілдері бұл тұрмыстық техниканы көптен күттік дейді. Өйткені облыстық әкімдік асханасындағы ас үй пеші ескірген. Бұл жерде 150-ге жуық қызметкер түстенеді екен. Сондықтан сұранысқа сай болу үшін су жаңасы алынбақ. Жалпы жабдықтарды жаңартуға қаңтар оқиғасы кезінде қолданыстағы құрылғылардың қолды болуы себеп болған екен.

Данияр Асқарұлы, Жамбыл облысы әкімінің баспасөз хатшысы:

Облыс әкімінің аппаратындағы қажетті құрал-жабдықтар әлі күнге дейін толықтырылып біткен жоқ. Соның барлығы қазір шетінен алынып жатыр. Оның біріншісі үлкен соммада болып тұрған LED-экран. Ол бізде бірнеше мәжіліс залдары бар, сол залдарға қойылады.

Данияр Әлімқұл

Бөлісу