Бүгінде ұлты басқа болса да, ана тілімізді жетік меңгерген жастар көбейді. Солардың бірі, қызылордалық Елена Пак. Сырда туып-өскен корей қызының арманы мектепте қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімі болу. Тақырыпты тілшіміз толықтырады.
Қазақы болмысты Елена әрбір адам ұлтына қарамастан туған жерінің тарихын, тілін білу керек деп есептейді. Өзі де оны жетік меңгеріп, өзгелерге үйретуді міндеті санайды. Сондықтан, аймақтағы «Ассамблея жастары» ұйымына биыл ғана қосылған бір топ жасты облыстық тарихи-өлкетану мұражайына әкелуге ұйытқы болып, өңірдің бай мұрасын насихаттауда.
Елена Пак:
Тарихын білмеген жастың болашағы бұлыңғыр деп жатады ғой. Сол себепті ең алдымен өткеніңді біліп, тарихын жоғары деңгейде білу маңызды деп ойлаймын. Жастарды да осы бағытта музейге әкеліп, тарихын білсін деп алып келіп тұрмыз.
Биязы мінез корей қызы қазақ тілі пәнінің мұғалімі мамандығын тәмамдап, бүгінде магистратурада білімін жетілдіруде. Ассамблея мүшесі ретінде мектеп оқушыларымен кездесіп, қазақтың ақын-жазушыларының шығармаларын оқиды. Ол болашақта ұстаз болуды армандайды.
Ұлы Абайдың барлық қара сөзін жатқа білетін Елена қазақ әдебиетінен тәлім-тәрбие мен мол тағылым алғанын айтады. Өңірдегі Корей этно-мәдени бірлестігінің мүшелері де Еленаны мақтан тұтып, одан үйренеріміз көп дейді.
Денис Пак, «Корей» этно-мәдени бірлестігі төрағасының орынбасары:
Елена қазақ тілін жақсы меңгергені сонша, ол сөйлегенде ұйып тыңдап отырамыз. Қазақтың даналы сөздерінен мысал келтіріп, аудиторияны өзіне еріксіз баурап алады. Әрине, мемлекеттік тілді білу бәрімізге парыз. Елена осы жағынан көпке үлгі. Алдағы уақытта Еленадан қазақ тілін үйренуге бізде талпынып жатырмыз.
Мұнан бөлек, кәріс қызы қазақтың ұлттық ойыны тоғызқұмалақты үйреніп жүр. Алдағы уақытта осы зияткерлік ойынды жақсы меңгеріп, түрлі жарыстарға да қатыспақ ниетте.
Әділбек Серікұлы