Франция президентінің арнаулы өкілі Астанаға не үшін келіп кетті? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Франция президентінің арнаулы өкілі Астанаға не үшін келіп кетті?

09.04.2023

Макроннан сәлемхат немесе Франция президентінің арнаулы өкілі Астанаға не үшін келіп кетті? Хабарымызды осы жаңалықпен бастайық. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы аптада франциялық дипломат Изабель Дюмонды қабылдады. Арнаулы өкіл мемлекет басшысына Франция Президенті Эмманюэль Макронның хатын табыс етті. Ресми процедураның астарында үлкен мән жатыр. Макронның арнаулы өкіл арқылы Қазақстан президентіне жолдаған сәлемі мен Тоқаевтың оны Астанаға шақыруына қарағанда, биыл Франция президенті келетін сыңайлы.

Францияның Қазақстан нарығындағы үлесі соңғы бірнеше жыл бойы тұрақты болып тұр. 2020 жылы сауда-саттық 2,2% құраған. Қазақстанға тауар тасымалдаушы мемлекеттер арасында сегізінші, ал Еуропа елдері арасында Германия мен Италиядан кейін үшінші орында. Былтыр қарашада Қасым-Жомарт Тоқаев Парижге барып, Эммануель Макронмен кездесуі перспективаны кеңейтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз 2 сағаттан астам уақыт бетпе-бет форматында екіжақты қатынастар мен елдеріміз арасындағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелері жөнінде әңгімелестік. Сондай-ақ халықаралық аренада қалыптасқан ахуал туралы пікір алмастық. Франция – Қазақстанның жетекші саяси және экономикалық серіктестерінің бірі. Біз екі ел арасындағы ынтымақтастықты, сіздің еліңіздің халықаралық аренадағы рөлін және Францияның экономикалық әлеуетін жоғары бағалаймыз.

Изабель Дюмон, Франция президентінің арнаулы өкілі:

Сізге Президентімнің сәлемін жеткізгім келеді. Былтыр қараша айының соңында Париждегі кездесуіңіз туралы оның өте жақсы пікірде екенін білемін. Бұл – біз үшін өте маңызды сәт және Сізден аймақта не болып жатқаны туралы көзқарасыңызды есту маңызды. Сіздің сапарыңыз екі ел арасындағы ынтымақтастыққа тың серпін берді. Біз бұл ынтымақтастықты стратегиялық серіктестігіміз негізінде жалғастырғымыз келеді. Бұл біз үшін де өте маңызды.

Изабель Дюмон Қазақстан жүргізіп жатқан реформалар саясатын Франция толық қолдайтынын айтып, әрі қазіргі күрделі геосаяси жағдайға қатысты ұстанымына жоғары баға берді. Дипломатиялық ілтипатты тәржімалайтын болсақ, бұл да Еуропа елінің Қазақстанмен ынтымақтастықты нығайтуға ниетін білдіреді. Өйткені Украинада соғыс басталғалы Франция бұл шиеленісті бейбіт жолмен шешуге үндеп жүр. Осы аптада Эмануель Макрон Қытайға мемлекеттік сапармен барып, Си Цзиньпинге тараптарды келісімге шақырудың амалын табу керек, - деген сыңай танытты. Жалпы, соңғы уақытта Еуропаның Азияға бет бұрғаны анық байқалады.

Бұл орайда Қазақстанның бейбіт әрі бейтарап позиция ұстануы ұлттық мүдде үшін ұтымды екені түсінікті.

Альбина Әшім 


Хабарламаларға жазылу