Ғалия Тынбаева Qazaqstan Barysy Grand Slam турнирінің жеңімпазы атанды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ғалия Тынбаева Qazaqstan Barysy Grand Slam турнирінің жеңімпазы атанды

10.05.2024

Ғалия Тынбаева Qazaqstan Barysy Grand Slam турнирінің жеңімпазы атанды. Бұл қазақ қыздары арасындағы Grand Slam-ның алғашқы алтыны. Отандасымыз финалда Grand Prix чемпионы жеке бейтарап спортшы Сабина Гилиазованы иппон ұпаймен ұтты. Ғалия жартылай финалда әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Европа чемпионы, Grand Slam жарыстарының жеңімпазы франциялық Ширин Боуклиді ұтқан болатын. Жеңімпаз ретінде әлемдік рейтингте Ғалия Тынбаеваның қоржынына 1000 ұпай қосылады.

Ғалия Тынбаева, Qazaqstan Barysy Grand Slam турнирінің жеңімпазы:

Әр қарсыласым қиын болды, ең қиын қарсыласымда айтсам финалдық белдеу болды. Өйткені осыған дейін Ташкент Grand Slam-да оған ұтылған едім. Алдыңғы жылы үшінші орынға таласқанда орыс қарсыласыма ұтылған едім. Финалда да орыс қарсыласыммен шықтым. Енді өзімізде өтіп жатыр ғой, ұтсам ғой деген арманым болды.

Елдос Сметов қола медаль жеңіп алды

Сондай-ақ ерлерден 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бақ сынаған Елдос Сметов ел қоржынына қола медаль салды . Шешуші белдесуді отандасымыз Әзірбайжан спортшысы Ахмад Юсифовпен өткізіп, ауырту әдісімен топ жарды. Үшінші орын үшін Елдос Сметовқа әлемдік рейтингте 500 ұпай қосылады. Жарыс 12 мамырға дейін жалғасады.

Асылбек Данияр


Хабарламаларға жазылу