Елімізде судың 65 пайызы ауыл шаруашылығы саласына жұмсалады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде судың 65 пайызы ауыл шаруашылығы саласына жұмсалады

29.03.2023

Елімізде судың 65 пайызы ауыл шаруашылығы саласына жұмсалады. Соның 60 пайызға жуығы құмға сіңіп кетеді. Ысырапшылдыққа жол беруге болмайды деді Президент бүгін өз сөзінде. Ал тіршілігі Сырдарияға тәуелді қызылордалық диқандар судан таршылық көрмеу үшін осы бастан канал бойын тазалап,тіршілік нәрін үнемдеудің қамына кіріскен.

Күн жылығалы жалағаштық шаруалар гектар-гектар жер жыртып, егіс даласында тынымсыз еңбектенуде.Диқандар бұрынғыдай көл-көсір күріш екпейді. Өйткені, су тапшы. Сондықтан, суды аз қажет ететін дақылдардың көлемі жылдан жылға ұлғайып келеді.

Болат Ділдәбеков, шаруа:

«Байтабын» ЖШС өзіне үлесіндегі 2400 гектар жер бар. Соның 1400 гектарына күріш дақылын ексек, 800 гектардай жерімізге жоңышқа, мақсары сондай дақылды орналастардық биыл.

«Байтабын» серіктестігі күріш өсіруде цифрлық технологияға бетбұрған. Егіс алқаптары ғарыштық дәлдікпен лазерлік тегістеуден өтеді. Шаруашылық осындай замануи әдісті қолдану арқылы аз суды егінге жеткізіп, тиімділігін көріп келеді. Мәселен, былтыр әр гектардан орташа есеппен 70 центнерден өнім алған.

Қанат Мәдиев, механизатор:

Қазір мына техниканың дамыған заманы. Мысалы, осы жерді лазермен тегістеп жатырмын. Айлық табысымыз жақсы. Бір атызды тегістеуге бір күн уақыт кетеді ғой.

Сырдария трансшекаралық өзен болғандықтан Қазақстанға берілетін судың лимиті жылына 10-12 миллиард текше метр. Қыс-көктемде жоғарыдан мол су жіберілді. Соның арқасында «Шардара» мен «Көксарай» су қоймалары толды. Мамандардың алдын ала болжамы бойынша егін маусымында судан айтарлықтай тапшылық болмайды.

Зейнулла Қазтоғанов, «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясы басшысының міндетін атқарушы:

Былтыр тұрақты суаруға 3,6 млрд су кетсе, биыл енді жоғарыдағы су бар, «Көксарай» бар шамамен алдын ала есептеулермен 3,8 млрд су тұрақты суаруға беріледі деп отырмыз.

Жалпы аймақта биыл 195 мың гектар жерге дәнді-дақыл егіледі. Соның 84 мыңы күріш алқабы. Диқандар көктемгі дала жұмыстарын сәуірдің соңында аяқтауды межелеп отыр.

Әділбек Серікұлы


Хабарламаларға жазылу