Атырауда үш мектептің 4 мыңға жуық оқушысы қорытынды тоқсанда қашықтан білім алуы ықтимал. Әбден тозығы жеткен білім ошақтарының күн жылына жөндеуге жабылатыны себеп болып отыр. Қазір мектептерде құрылыс жұмыстарына дайындық басталып кеткен. Ал, ата-аналардың кейбірі балаларының онлайн оқитынына наразы.
1300-ге жуық оқушы білім алатын №27 орта мектеп, 33 жылдан бері жөндеу көрмеген. Шатыры шұрық тесік. Едені тозған. Асхана мен дәретхана талапқа сай емес. Сынып бөлмелері құлазып тұр. Зертханалық кабинеттердің аты бар да заты жоқ.
Мақпал Қантөреқызы, №27 орта мектеп директоры:
Мектепте проблема өте көп.Өздеріңіз көріп тұрғандай балалардың киініп шешінетін бөлмелері жоқ. Акт залдарында төбелерден су кетіп тұр. Біздер сондықтан мектептің күрделі жөндеуден өткенін жөн деп санаймыз.
Төртінші тоқсан – ең маңызды тоқсан. Сондықтан ата-аналар онлайн оқу - білім сапасын ақсатды деп алаңдайды.
Жөнделуі тиіс 5 мектептің дені 30 жылдан бері сылақ көрмеген. Нысандарды бастан-аяқ жаңғырту үшін бюджеттен 1 млрд 740 млн теңге қаралған.Бір өкініштісі, жобаға білім ордаларының материалдық базасын жаңарту кірмейді. Құрылыс жұмыстары 3 айдан 6 жарым айға дейін созылады. Мердігер кестеден кешікпеу үшін онлайнға көшіруді сұраған. Қазір білім басқармасы тараптармен келіссөз жүргізіп жатыр.
Гүлнар Сәдуақасова, Облыстық білім беру басқармасының басшысы:
Біз қазір бастамасақ, қыркүйекте сабағымыз басталмай қалуы ықтимал. Күрделі жөндеудің уақыты 6 ай жарым болуына байланысты осы сәуір айында бастағымыз келіп отыр. Әрі қарай күз басталады. Жауын-шашын басталады.Яғни, шатыр істелінбейді, су ағып кетеді.
Балалар сұранысқа сай, оқу құралдарымен қамтылады. Ата-аналарға түсіндіру жұмыстары жалғасады. Егер сабақ мектепте жалғасатын болса, күрделі жөндеу кеш басталып, білім ошақтары жаңа оқу маусымына дайын болмауы мүмкін.
Жандос Темірғали