Бүгіннен бастап барлық ЖОО онлайн оқуға көшті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгіннен бастап барлық ЖОО онлайн оқуға көшті

16.03.2020

Мектептерде қашықтықтан оқыту жүйесіне көшу үшін қызу дайындық басталып кетті. Бұл туралы жаңа ғана онлайн брифинг өткізген білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді. Оның пайымдауынша, 5-ші сәуірден кейін қажет болған жағдайда оқушылар да үйде жатып оқуы мүмкін. Айта кетейік, елдегі мектептердің қашықтықтан оқыту тәжірибесі жоқ. Есесіне, студенттер үшін бұл таңсық емес. Олар бүгіннен бастап осы жүйеге ауысты. Үй қабырғасындағы алғашқы сабақтары қаншалықты қолайлы өтті?

Министрліктің мәліметінше, елдегі мыңға жуық оқу орынында 1 миллионнан астам студент бар. Олардың онлайн режимге көшуі оңай, ал оқушылар үшін олай емес. Өйткені, 5-ші сәуірден кейін мектептер алғаш рет осы жүйеге ауысуы мүмкін. Сондықтан мұнда дайындық қызу. Балалар демалып жатқанда, мұғалімдер электронды платформаларды сынақтар өткізіп, үйреніп жатыр.

Білім саласында жұмысын тоқтатпайтын тек бала-бақшалар. Мұнда баланы әкелу, әкелмеу ата-ананың өз еркінде. Бастысы, баласы келмеді деп енді ешкім ата-анасын жазғыра алмайды, бүлдіршіндердің орыны да сақталады. Айта кетейік, бүгіннен бастап қосымша білім беретін ұйымдардың да жұмысы мүлдем тоқтатылды.

Амангелді СЕЙІТХАН


Хабарламаларға жазылу