Ақтөбе облысының Ойыл ауданында 11 үйге су кірген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе облысының Ойыл ауданында 11 үйге су кірген

24.03.2023

Ақтөбе облысының Ойыл ауданында суға кеткен үйлердің саны 11-ге жетті. Қазір Қаратал ауылында шығынды есептеу үшін комиссия жұмыс істеп жатыр.

Бір апта бұрын елдімекен жанындағы дамба бұзылып, қарғын су ауылға кірген еді. Ал, 20-сыншы наурыздан бастап Ойыл ауданында жергілікті маңыздағы төтенше жағдай жарияланған. Бірақ, жергілікті билік өкілдері бұл туралы бұған дейін ресми хабарлаған жоқ. Қазір судың беті қайтқан. Ертеңнен бастап көпірлер мен жолдарды қалпына келтіру жұмыстары басталады. Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері енді облыстың солтүстік аудандарына ерекше көңіл бөліп отыр. Оның үстіне Қосестек, Қарақобда өзендерінде су деңгейі көтерілген.

Құмар Тұрмағамбетов, Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бөлім басшысы:

Әйтеке би, Хромтау, Қарғалы аудандарында қар әлі бар. Сай-салада қалып отыр. Сол себептен толығымен бақылауда ұстап отырмыз осы жағдайды.

Ал, Қобда ауылында 87 баспана бүлінген еді. Оның 13-сі әлі суда тұр. 12 тұрғын спорт мектебінде тұрып жатыр. Қазір аудан орталығында салынуы тиіс 24 үйдің орны белгіленіп, құрылыс жұмыстары басталып кетті. Қажетті қаржы облыстық бюджеттен бөлінеді. Бір үйдің құрылысына шамамен 20 миллион теңге қажет. Ал, бір тұрғынға баспана салып беруді өңірге арнайы келген ережесіз жекпе-жек шебері Шавкат Рахмонов мойнына алды. Әкімдік өкілдері егер қосымша құрылыс жүргізу қажеттілігі туындаса, оған да дайынбыз дейді.

Мавр Абдуллин, Облыс әкімінің орынбасары:

Одан басқа үйлер салу қажеттілігі болса, кәсіпкерлер шығып жатыр, Астанадан да, жергілікті кәсіпкерлеріміз – барлығы да үй саламыз деп тілек білдіріп жатыр. Үй жөнінен еш мәселе жоқ.

Жақсыбек Кемал

Хабарламаларға жазылу