Кеншілер өңірі Қарағандыда 654 сайлау учаскесі ашылды. Өз таңдауын жасаймын деген жұртшылық учаскелерге келіп, дауыс бере бастады.
Руслан Нұрланұлы, тілші:
Қарағанды облысындағы 654 сайлау учаскесі бір мезетте еш кедергісіз жұмысын бастап кетті. Өңір бойынша 761 мыңнан астам сайлаушы тіркелген. Соның ішінде 13 мың жас биыл алғаш рет дауыс береді. Жалпы облыста барлығы 863 сайлау комиссиясы саяси науқанның жоғары деңгейде өтуін назарда ұстайды. Мен дәл қазір қаладағы «Достық» үйінде тұрмын. Мұнда екі бірдей сайлау учаскелері орналасқан.
Тұрғындар белсенді келіп жатыр. Көпке мерекелік көңіл-күй сыйлап, ашық әрі жүйелі түрде жұмыс істеу үшін қандай шаралар қолға алынды?
Айман Тілегенова, қалалық №792 сайлау учаскесінің төрайымы:
Таңнан сайлау тиісті шаралармен басталып, алғаш келгендерге сыйлықтар берілді. Мамандар бұған дейін оқытылып, дайындалды. Учаскеде барлық қажеттілік бар.
Сайлау учаскелерінің дайындығы жоғары деңгейде. Облыста мүмкіндігі шектеулі 50 485 адам бар. Бүгін олардың да дауыс беруі үшін барлық мүмкіндік қарастырылған. Айта кетсек, облыс бойынша сайлауға 665 кандидат түсуде. Соның ішінде Мәжіліске бір мандатты округ бойынша – 21, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауына 644 адам түсуде.