ШҚО-ның Ұлан ауданында 20-ға жуық қыстақ қар құрсауында қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ШҚО-ның Ұлан ауданында 20-ға жуық қыстақ қар құрсауында қалды

13.03.2023

Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында 20-ға жуық қыстақ қар құрсауында қалды. Себебі бірнше ауылдың арасындағы ауданаралық жолдың қары осы қыста бірде-бір рет күрелмеген. Күн ұзарып, жылымық шықса да таудағы қардың көбесі әлі сөгілген жоқ. Қазір халықтың жем-шөп қоры да таусыла бастаған. 

Үйіне жете алмай жүргендердің бірі - Ернар Сәбитов. Аудан орталығына айналма жолмен әупірімдеп әрең келген. Енді қыстағына төте жететін жолды көріп не істерін білмей тұр.

Ернар Сәбитов, Ақжартас қыстағының тұрғыны:

Қазаннан бері тазаланған жоқ. Жылда осы. Жылда айтамыз. Құдайдың көмегімен кетеді өзі. Мамырға таяу. Ашыламайды осы жол.
Қазір шаруашылық иелері тығырыққа тіреліп отыр. Себебі қалың қардың беті көк мұз болып жатыр. Малдың өрісі де ашылмаған.
Тынымхан Алағабаек, Бозанбай ауылының тұрғыны:

Қазір енді қардың тереңдігінің өзі 2 метрдей. Үрдесінді қардан. Қыстай азаптанып алып, енді көктемге келген кезде малымызға не жем, не шөп апара алмай отырмыз. Жағдайымыз өте қиын. Малдарымыздан да шығын шығып жатыр.
Шығын шығармас үшін шаруалар қарда жүретін көліктің барлық түрімен жем тасиды. Жолды қолмен күреп жүр.

Олжас Керейхан,тілші:

Бозанбай, Ақжартас, Қызыл су аралығындағы бұл жол 35 шақрымдай болады. Тұрғындардың айтуынша оны қардан тазалауға жыл сайын қаражат бөлінеді. Ал биыл қыста бірде-бір рет күрелмеген. Арнайы техниканың күрегі тимегенін жол үстіндегі мына қардың қалыңдығынан-ақ байқуға болады.
Ұлан ауданында жергілікті маңыздағы 375 шақырым жолдың қарын тазалауға осы қыста 48 миллион теңге бөлінген. Аудандағы осы салаға жауапты бөлім басшысы қыста бірде-бір ауыл қатынассыз қалмағанын айтады. Ал Ақжартас пен Қызыл су бағытындағы жолдың жағдайы туралы жауабы қысқа болды.

Дархан Алдажаров, Ұлан аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы:
Бұл жерде күніне 24 сағат жел соғып тұрадлы да тазалап өту мүмкіншілігі жоқ ол жерде. Ол жолдың үстімен тек қана қарды басып, жолдың үстімен қарым қатынас жасайды.
Қардың үстімен қарым-қатынас жасай алмаған тұрғындар жол мәселесін айтып қақпаған есігі қалмапты. Құзырлы органдарға әлі де шағымданып жатыр. Өйткені біздің жақта қыс ұзақ.

Олжас Керейхан

Хабарламаларға жазылу