Помпейге 150 бас қой кіргізілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Помпейге 150 бас қой кіргізілді

11.03.2023

Италиядағы әйгілі ескерткіш қала – Помпейге бір отар қой кіргізілді. Малға жүктелген басты міндет – көне шаһардың шөбін отап, көркін қайтару. Бұл идеяны археологтар ғана емес, туристер де қолдап отыр.

Жақына Помпейге 150 бас қой кіргізілді. Сондағы мақсат – ескерткіш шаһардың жықпыл-жықпыл көшелері мен бұрыш-бұрышын арам шөптен тазарту, көгалын тегістеу. Шопан атаның түлігі бұл еңбегі үшін ақы сұрамайтыны өз алдына, ол археологтарға жайылып жүріп ықылым замандағы Помпейді елестету үшін де қажет болып отыр.

Габриель Цухтригель, Археологиялық парк директоры:

Біріншіден, біз қаражат үнемдейміз. Бұл жұмысқа машина мен адам тартсақ, олар құралдарымен келеді, ақы сұрайды. Ал, қойлар шөпті отап қана қоймай, көне заманда Помпей деген ауылда жүзім өсіп, мал жүргенін еске салып береді. Помпейді солай елестету керек. Арада ғасырлар өткенде біз оның қандай болғанын ұмытып қалдық.

Екіншіден, қойлар ауыр техника емес. Демек, олар жүріп өткен жерде ойдым-ойдым жол қалмайды. Сондықтан туристер де тарихи қаланы жануарлардың көмегімен ретке келтіру идеясына аса қарсы емес.

Габриель Цухтригель, Археологиялық парк директоры:

Келушілердің көбінің бұл бастамаға көзқарасы дұрыс. Олар Помпейдің ежелгі үйлері мен храмдарын, сонымен қатар, жойылып кетуге шақ қалған ландшафтын осындай тәсілмен сақтауға болатынына сенеді. Әрине, кейбіреулерге ісіміз таңсықтау көрінуі мүмкін. Бірақ біз оларға бұның шын мәнінде тұрақты жоба екенін және ештеңеге қауіп төндірмейтіні түсіндіруге тырысамыз.

Әйгілі Помпей - көнеримдік қала. Оны біздің дәуіріміздің 79 жылы «Везуви» тауынан төгілген алапат вулканның оты мен күлі кенеттен басып қалды. Сол сәтте мұнда тіршілік мәңгілікке тоқтады деседі. Қатып қалған күйі Помпей осы күнге жетіп отыр. Ескерткіш ретінде ғана емес – өз заманының куәсі ретінде де.

Арыстан Рысбек

Хабарламаларға жазылу