Елорданың қақ ортасында отырып тұрғындар жедел жәрдем шақыра алмай отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елорданың қақ ортасында отырып тұрғындар жедел жәрдем шақыра алмай отыр

09.03.2023

Елорданың қақ ортасында отырып, жедел жәрдем шақыра алмайды. Астанадағы мобильді байланыс сапасы нашар аудандардағы тұрғындар осындай күн кешіп отыр. Жағдайды түзеу туралы тапсырма бірнеше рет берілгенмен, шенділер асығар емес. Оған не себеп?

Серік Селеубайұлы, тілші:

Бұл үйдің аты «Манхэттен» болғанмен, тұрғындары өркениет жетістігін көре алмай отыр. Өйткені бұл ауданда мобильді интернет мүлдем ұстамайды. Бұны балалардың гаджетпен емес, доппен ойнап жүргенінен-ақ көруге болады.

Қала бойынша дәл осындай байланысы нашар ондаған нүкте бар. Жағдай түзелуі үшін операторлар базалық станция қоюы керек. Бірақ олар бірауыздан кедергі көп екенін айтады. Антенна мачталық құрылғы қоюға бос жер табудан бастап, түрлі талаптар мәселені ушықтырып отыр. Бірақ оның өзі кей аумақта көмектеспейді.

Бексұлтан Қуандық, қалалық цифрландыру және мемлекеттік қызмет басқармасының бөлім басшысы:

Біз қазір қалада соққан мачталар ол 20, 25, 35 метрге сай болады. Оның радиусы биіктігіне сәйкес, мысалы, жиырма метр болса, жиырма метр арасында құрылыстар болмауы керек. Тығыз құрылысқа байланысты орындар жоқ. Сол себептен мысалы қаланың ішінде үйдің шатырына қою керек базалық станцияларды.

Өйткені, радиотолқындар биік ғимараттарға тіркеліп, келесі үйлерге жетпей қалады. Яғни, байланыс аясы кеңірек болуы үшін құрылғы биік тұруға тиіс. Ал оған радиофобия кедергі. Тұрғындар үйдің шатырына антенна қойғызудан қашады. Барлығы келіскен күннің өзінде шаруа бітуі қиын.

Бауыржан Тәжібаев, байланыс операторының өкілі:

Шатырдың үстіне салу шамамен 3 айдан бастап уақытты алады. Ал, егер ол көпқабатты шатырдың үстіне қойылмайтын болып, объектіге қоятын болсақ, жер телімін алу,басқа да жұмыстармен қосқан кезде , 6 айдан 1 жылға дейін созылып кетеді.Сол себептен, заңнамадағы барлық шектеулерге байланысты тез арада жылдам қою мүмкін болмай тұр.

Мамандар мұны қаланың жылдам өсуінен болоды дейді. Яғни, әу бастағы радиожоспарлау бойынша белгіленген нүктелердің қуаты жетпейді. Сондықтан, жүйелі жұмыс істейтін жаңа нормалар қарастырылып жатыр.

Ержан Мейрамов, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі телекоммуникациялар комитетінің төрағасы:

Жоспарлау кезінде қалай,қай жерде өсетіні, қай жерде жаңа үйлер салынатыны туралы ақпаратты білу арқылы ол жерде алдын -ала байланысқа қажетті АМС қойылатын жер немесе базалық станциялар қойылатын жерде алдын-ала құрылыс компанияларымен оны талқылап,орын қалдырып,соны жоспарлау қажеттігін талқыладық.

Жоба бойынша операторлар, әкімдік және жауапты министрлік бірге жұмыс істеуі керек. Осылайша қағазбастылық пен қойылатын талаптар саны азаймақ. Одан бөлек бейберекет салынған құрылыс та мамандар есебін өзгертіп келеді. Ал, бұл мәселенің әзірге басы ашық.

Серік Селеубайұлы


Хабарламаларға жазылу