Қазақстанда мереке қарсаңында гүл қымбаттады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда мереке қарсаңында гүл қымбаттады

07.03.2023

8 наурыз мерекесі қарсаңында гүл саудасы қызып тұр. Кәсіпкерлер мейрамда сұраныс бес есе өсіп, баға 30 пайызға қымбаттайды дейді. Жыл басынан бері елімізге 9,5 млн АҚШ долларына гүлдер әкелінген.

Елімізге гүлдер сегіз елден жеткізіледі. Раушан гүлдер Латын Американың Эквадор елінен мұхит асып Еуропаға әкелінеді. Содан соң, жүк көлігімен Голландия, Германия, Польша, Литва, Беларусь сынды алты мемлекеттен өтіп Қазақстанға жетеді.

Ламбриан Топузидис, тілші:

Жүк көлігімен гүлдер Еуропадан Қазақстанға 6 күн ішінде жетіп келеді. Бұл жерде тоңазытқыш орнатылған. Сондықтан бұл гүлдердің белгілі бір температурада сақталуын қамтамасыз етеді. Ал әр қорапшада осындай құрал бар. Бұл құрал гүлдердің қандай температурада келіп жеткенін көрсете алады.

Бақытжан Мұстафанов, көлік жүргізушісі:

Әрине, температура +5-ке шейін барады. Сол температурамен гүл Қазақстанға жетеді. Бәрі ашық, бәрі таза. Шекараның өзінде де. Қағазың тәуір болса, қалғанның бәрі тәуір бар ғой.

Мереке қарсаңында гүл бағасы 30 пайызға қымбаттаған. Эксклюзивті гүлдің бағасы 40 мың теңгеге сатылып жатыр. Жаңа кесілген түрлермен бірге құмырадағы гүлдерге де сұраныс бар.

Құралай Долдина, кәсіпкер:

Қазақстандық қызғалдақтардың сапасы көбірек ұнады. Олардың ұзындығы да, бутонның өлшемі де, бағасы да барлығы бізге сай кеп тұр. Шетелден әкелген гүл болсын, ол жерде біз біріншіден логистикаға төлейміз. Оны күтеміз. Ол кішкене қымбаттырақ та болуы мүмкін.

Кәсіпкерлердің сөзінше ұшақпен жеткізілетін гүлдер барлық шағын компанияларға жетпей қалуы мүмкін. Ауа райы да гүлдердің уақтылы жеткізілуіне әсер етеді. Бір ұшақтың бортында Қазақстанның ғана емес, басқа да мемлекеттердің гүлдері келе жатады. Бұл жағдайда отандық өнімді пайдалану әлдеқайда ұтымдырақ дейді кәсіпкерлер.

Ламбриан Топузидис


Хабарламаларға жазылу