Әсемдікке жаны құмар жандар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әсемдікке жаны құмар жандар

06.03.2023

Жетісу облысының құнарлы топырағына Латын Америкасында өсетін Перу лалагүлі жерсіндірілді. Кәсіпті ірі кәсіпорын емес, Мұқыры ауылында тұратын қарапайым отбасы қолға алған. Көпбалалы ана Балжан Нүсіп бір жыл бұрын үйде бос отырғанша гүл өсіріп, балаларды еңбекке баулысам деген мақсат қояды. Қазір жылыжайында әдемі гүлдің алуан түсі жайқалып тұр.

Балжан Нүсіп гүлдің бұл түрін ұзақ зерттеу жүргізіп бірақ таңдаған. Өсімдік көпжылдық. Тамырынан тарап өсе береді, жылына бірнеше рет гүлдейтіні тағы бар. Ең бастысы уақытылы суарып, жылыжайдағы қажет температураны сақтап тұрса болғаны.

Қуаныш Қанатұлы, тілші:

Альстремерия деп аталатын бұл гүлдердің тарихи отаны – Латын Америкасы. Басты ерекшелігі сабағы тамырынан ажырағаннан кейін де гүлдер бір айға дейін сақталады. Жанындағы ашылмаған түйіндер де сол кезде де ақырындап өзінен-өзі ашыла береді.

Балжан бес баланың анасы. Үшеуі қазір қолғанат. Сабақтан кейін осы жылыжайға асығады. Тұңғыштары Азаматтың күнделікті атқаратын өз міндеттері бар.

Азамат Жұмағұлов, оқушы:

Жылыжайға келіп гүл жұлам. Теплицаның төбесін жауып, апама көмектесем. Арамшөптерді жұламын. Сосын күлдерін шығарамын. Оттарын жағып көмектесемін.

Бабын тапқанға гүл өсіру табысты кәсіп әрине. Алайда бұл отбасы үшін балалардың еңбекқорлығы маңыздырақ.

Балжан Нүсіп, ауыл тұрғыны:

Көпбалалы отбасы болғандықтан біз осылай балаларымызды еңбекке баулу мақсатында осындай жылыжайды ашып, өздерінің еңбегін, өздерінің нанын адал табуды мақсат етіп отырмыз.

Адам қолы жетпей жатса Балжанға көмекке анасы да келеді. Сұлулыққа жаны құмар зейнеткер жылыжайда біраз тәжірбие жинап қалды. Ең бастысы әр жұмысты махаббатпен істеу керек, сонда ғана еңбек жемісті болады, дейді кейуана.

Асылхан Омарбекқызы, ауыл тұрғыны:

Гүл қаншалықты әдемі болса, еңбегі соншалықты ауыр. Мұны тамыр күйінен бастап егеміз. Содан баптап, балаша баптаймыз. Сүйіспеншілікпен өсірмесең бұл гүл жайқалып, гүлдемейді.

Перу лалагүлін гүлтанушылар сыйластық пен достықтың символына балайды. Ал еңбекқор отбасында бұл қасиеттердің бәрі бар.

Қуаныш Қанатұлы


Хабарламаларға жазылу