Басты Жаңалықтар Сырдарияда мұз сіресіп тұр

Сырдарияда мұз сіресіп тұр

Сырдариядан да қауіп бар. Қызылорда облысындағы Жалағаш ауданы, Мөрәлі Шәменов ауылының маңында мұз кептеліп, су деңгейі күрт көтерілді. Сең қозғалмаса бірнеше ауылды су басуы мүмкін.

Әділбек Серікұлы, тілші:

Сырдариядағы сеңнен қауіп күннен күнге күшейіп келеді. Мұз көшкіні бірнеше шақырымға ұласып, алдыңғы шепте сең сіресіп тұр. Қазір тасқынның алдын алу үшін мамандар мұз жару жұмыстарын жүргізуде.

Алғашқы жарылыс айтарлықтай нәтиже бермеді. Өзеннің иірімінде кептелген мұз орнынан қозғалар емес. Сеңнің ұзындығы 2 шақырымға жуықтады. Ал артынан келген мол су әрі аса алмай уақыт өткен сайын Сырдарияның деңгейі көтеріліп барады.

Бағдат Әлжанов, жедел құтқару жасағының бас құтқарушысы:

Жаңа жарған жерлеріміз 50 см, кейбір жерлері 40-45 см. Ол да қиындықтар туғызып жатыр. Төменге қарай қалыңдай береді. Бірнеше қабат мұз болғандықтан, мұздың жүруіне кедергілер болып жатыр.

Жалағаш ауданында су басу қаупі жоғары 13 аумақ болса, соның ең қиыны Мөрәлі Шәменов ауылының маңы. Ахуалды естіген жұрт бірнеше күннен бері Сырдарияның жағалауында жүр. Ауыл азаматтары қорғаныс бөгетінің жан-жағын нығайтып, сеңнен аман өтудің қамын жасап жатыр.

Саттар Жұмағұлов, ауыл тұрғыны:

Мол су келіп жатқан соң қаптап мына жерде. Халық бар, ел бар. Бәріміз судың өтуін қарап тұрмыз. Жалағаштан, Қаракеткеннен адамдар келіп көмектесіп жатыр.

Жергілікті билік өкілдері мен құтқарушылар тобы да мұз сірескен аумақта. Мамандар әзірге ахуал күрделі деп отыр. Сондықтан сеңді қозғалту үшін қалың мұздақтарды жару жұмыстары әрі қарай жалғаса бермек.

Әділбек Серікұлы

Бөлісу