Түркияның оңтүстік-шығысындағы алапат жер сілкінісінен кейін тура бір ай өтті. Апат аймағында қазір қирандыларды тазалау жұмыстары күні-түні жүріп жатыр. Сондай-ақ 11 облыста жаңа үйлер салынуы тиіс жер телімдері нақтылануда. Қахраманмараш, Малатия, Газиантеп қалаларында жаңа ғимараттарды салатын орындар белгіленді. Бұл туралы арнайы жиында Түркияның Қала салу және қоршаған ортаны қорғау министрі хабарлады. Осы айдың аяғына дейін үйлердің алғашқы қазығы қағыла бастайды. Бір жыл ішінде бас аяғы 88 мыңнан аса пәтер мен 18 мыңнан аса жер үй салынбақ. Жаңа ғимараттар бұрынғыдай таудың етегі мен сайларда емес, тастақты жерлер мен төбелердің басына салынады, деді министр.
Мұрат Курум, Түркияның қала салу және қоршаған ортаны қорғау министрі:
Жаңа үйлерді салғанда қаланың сәулеті мен тарихын ескере отырып, алдағы елу жылда адамдардың тұруына ыңғайлы болуын да қарастырамыз. Қазір 11 облыста 7 мыңнан аса маманымыз жаңа ғимараттарды салу жұмыстарына қатысты зерттеулер жасап жатыр. Алдағы екі ай ішінде 309 мың нысанның құрылысын бастаймыз деп жоспарлап отырмыз. Бұл ел тарихындағы ең ірі құрылыс жұмыстары болмақ.
Айдос Әшімұлы