Басты Жаңалықтар Талдықорғанда кей жолдар жөнделмей аяқсыз қалған

Талдықорғанда кей жолдар жөнделмей аяқсыз қалған

Жетісуға көктем ерте келгенімен, еріген қармен бірге көшелерден де көрік кетті. Шұрық-тесік жол жаяуды да, көліктіні де әбігерге салды. Тіпті Талдықорғанда кей жолдар жөнделмей аяқсыз қалған. Республикалық трассалардың да жағдайы мәз емес. Республика бойынша былтыр жұмысына салғырт қараған мердігерлерге 300 млн теңгеден астам айыппұл салынған.

Көшені жөндеуге мердігерлер былтыр кіріскен. Асфальттың беткі қабатын қырып тастағаннан басқа түк тындырмады. Енді зардабын осы жолмен жиі жүретін жүргізушілер тартуда. Бір шұңқырдан айналса, екіншісіне тап болады.

Есмұханбет Бекқожаев, қала тұрғыны:

Тесік, тесік. Машинаны күнде жасаймыз. Бір жері болмаса бір жері сынады. Тезірек жасасын жолды.

Сағила Пак, қала тұрғыны:

Қыс бойы осы Сланов көшесінен көретінді көріп келеміз. Салықты не үшін төлеп жатырмыз? Неге жасамайды?

Дәл қазір қала әкімдігі жауапсыз мердігермен соттасып жатыр. Бөлінген қаржыны да қайтарып алған. Енді байқау жариялап, жаңа мердігер тауып, бірақ ретке келтіреміз дейді.

Қуаныш Қанатұлы, тілші:

Көктем күзде лай мен батпақ, жазда шаң топырақ. Бұл көше өткен ғасырдың 90-шы жылдардан бері жөндеу көрмей келеді. Көшеге тек қана осындай резеңке етік киіп шығатын тұрғындар әкімдіктің жыл сайын беретін уәдесінен әбден жалықтық дейді.

Солтүстік батыс тұрғын үй алабында осындай бірнеше көше бар. Жүздеген тұрғынның жылдағы азабы бұл. Тіпті жедел жәрдем немесе такси шақырса да көшенің басынан ғана тоқтайды.

Қали Бесбеков, қала тұрғыны:

Менің ұлым кішкентай кезінде мектепке осы батпақпен жүрген. Енді немерем, мына батпақта мектепке барып жеткенше қиналады.

Дәмеш Әділбекова, қала тұрғыны:

Шалымның тірі кезінде уәде еткен. Содан шал қайтыс болып кетті, әлі уәде беріп келе жатыр әкімдік.

Биыл облыс орталығында 182 көше жөндеуден өтпек. Жалпы ұзындығы 85 шақырымнан асады. Ал біз барған солтүстік батыс ауданда 45 көшеге асфальт төсемек.

Қанат Хамитжанов, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

Ағымдағы жылға 15 көше 7 шақырымға асфальт төсейміз деп жоспарлап отырмыз. Оның ішінде Бұқарбай көшесі де қарастырылған.

Жөндеу және құрылыс жұмыстары мердігерлер анықталғаннан кейін бірақ басталмақ. Ал оған дейін көлік жүргізушілері де, тұрғындар да осы жағдайды қанағат тұтуына тура келеді. Айта кету керек еліміздегі республикалық трассаларда жағдай мәз емес. Өткен жылы Қазавтожол мекемесі жұмысын шала орындаған мердігерлерге 312 млн теңге айыппұл төлеткен.

Қуаныш Қанатұлы


Бөлісу