Айя Мүтәлі, тілші:
Сенат бүгін бірнеше заң жобасын мақұлдады. Соның бірі - Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің жүк көліктеріне навигациялық пломбалар қою туралы келісім. Одаққа мүше елдер өзара тауар тасымалдау кезінде кедендегі бюрократияны азайтуды көздейді. Яғни, пломбасы бар жүк көліктері бірнеше рет тексеруден өтпейді. Бұл жалған транзит пен «көлеңкелі импортты» жойып, салықты арттыру үшін тиімді. Кәсіпкерлер үшін де пайдалы. Тауарды өзге елге қауіпсіз жеткізуге мүмкіндік алады. Негізі бұл келісім 2 жыл бұрын пилоттық негізде жасалған. Жүк көліктеріне пломба қойылғаннан кейін 20 мыңнан астам жалған транзит анықталып, бюджетке 1 жарым млрд шығын келген. Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев талап күшейген сайын, жалған жүк тасымалдаушылар азайып жатыр дейді.
Ерұлан Жамаубаев, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары, Қаржы министрі:
Жалған транзитті тасымалдаушылар Ресейге өтіп барады деп көрсетеді құжат бойынша. Бірақ тауарын Қазақстан ішінде түсіріп алады. Осындай жалған транзит фактілерін әшкереледік. Яғни, фактілер азайған сайын бюджетке қаражаттар көптеп түсуде.
Бұдан бөлек, Сенат cалық кодексіне түзету енгізуді мақұлдады. Онда кәсіпкерлерге міндеттелген салықтың мөлшерін 6 пайыздан 4 пайызға дейін төмендету көзделген. Жиын соңында Қаржы министріне доллар бағамының түсуіне байланысты азық-түлік бағасы арзандай ма деген сауал қойылды. Ерұлан Жамаубаев 2 ай ішінде сырттан келетін тауарлардың құны түсе бастайды деп көпшілікті бір қуантып қойды.
Айя Мүтәлі