Сайлауалды үгіт-насихат науқаны жалғасып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сайлауалды үгіт-насихат науқаны жалғасып жатыр

01.03.2023

Саяси партиялардың үгіт-насихат жұмыстары жалғасып жатыр. Депутаттыққа үміткерлер сайлаушылармен кездесіп, бағдарламаларын таныстырып жүр. Кездесулерде тұрғындар көптен бері түйіні тарқатылмаған мәселесін айтып, талап-тілектерін жеткізуде.

СҚО

«AMANAT» партиясы Республикалық сайлауалды штабының өкілдері аймақтардағы сайлаушылармен кездесуін жалғастырып келеді. Бүгін саяси ұйым мүшелері Солтүстік Қазақстан облысына барды. Мағжан Жұмабаев ауданындағы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен кездесу өткізді. Аманаттықтар өз сайлауалды бағдарламасы жайлы мәлімет беріп, жұршылықтың мәселесін тыңдап, пікір алмасты.

Ерлан Қошанов, «AMANAT» партиясының төрағасы:

Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мен ауыл тұрмысын жақсарту мәселесін бір-бірінен бөліп қарауға болмайды. Әрбір өңірге жасаған сапарымызда біз дихандармен кездесеміз. Сіздер ауылда жұмыс орындарын ашып, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отырсыздар.

Қостанай облысы

«Ауыл» партиясы сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын Қостанай облысында жалғастырды. Кандидаттар жергілікті жылқы зауытының жұмысшыларымен кездесті. Мұнда «Қостанай» тұқымының тұлпарлары өсіріледі. Сайлаушылармен өткен жиында ұрпақтар сабақтастығын бұзбай, атакәсіпті жалғастырып келе жатқан шаруаларға құрмет көрсетілді. Кездесу аясында саяси науқанның өзектілігі айтылды.

Сайран Бұқанов, Қазақстанның Еңбек Ері:

Қазіргі сайлауға халық көбірек баруға тиісті. Қазір халық өзгерді, өте белсенді. Жас болсын, үлкен болсын бұл сайлауға көп адам қатысады.

Қостанай облысы

 «Respublica» партиясы өкілдері Тобыл өңіріне табан тіреді. Қостанайға келе сала бірден үгіт-насихат жұмыстарына кірісіп кетті. Әуелі ауыл шаруашылығы техникасын өндіретін кәсіпорынға тоқтады. Жұмысшылармен жүздесіп, өздерінің сайлауалды бағдарламаларын таныстырды. Кездесу барысында агроөнеркәсіптік сала мен отандық машина жасау өнеркәсібін дамытудың маңызы жайында түрлі пікірлер айтылды. Сонымен қатар, бұл кездесу алғыс айту күнімен тұспа-тұс келгендіктен «Respublica» партиясы ұжымға отандық өнеркәсіпті дамыту жолындағы ерен еңбектері үшін алғыс білдіріп, алдағы жобаларына сәттілік тіледі.

Өскемен

Қазақстан Халық партиясының республикалық үгіт-насихат штабы Өскеменде тау-кен металлургия кәсіпорындарының еңбек ұжымдарымен кездесті. Саяси ұйым төрағасы Ермұхамет Ертісбаев кеншілердің талап-тілегін тыңдап, сайлауалды тұғырнамасының негізгі бағыттары туралы айтып берді. Кандидаттар әрі қарай Ішкі істер министрлігінің жергілікті ауруханасына барды. Мекемеде облыстағы құзырлы органдардың бес мыңнан астам қызметкері ем қабылдайды.

Ермұхамет Ертісбаев, «Қазақстан Халық Партиясы» ҚБ төрағасы:

Үлкен еңбек ұжымдарымен кездесу өткізудеміз. Өскемен Су Электр Станциясы солардың бірі. Осынау алып нысан 70 жыл бұрын халықтың күшімен салынған. Әлі күнге дейін ел игілігіне қолданылуда.

 Ұлытау облысы

«Байтақ» жасылдар партиясының үгіт-насихат тобы Ұлытау облысы Сәтбаев қаласының дәрігерлермен кездесті. Жүздесу барысында саяси ұйым өкілдері медицина қызметкерлеріне адал еңбегі мен ерік-жігерлері үшін алғыс білдірді. Сонымен қатар, партия тұғырнамасының негізгі бағыттарымен таныстырды. Алдағы науқанның маңыздылығын түсіндіріп, дәрігерлер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.

Марғұлан Ермағанбетұлы - «Байтақ» жасылдар партиясы Ұлытау облыстық штабының жетекшісі:

Жалпы байқағанымыз – халықтың ынтасы үлкен. Сайлауға белсенді қатысуға дайын. Әрине, бұл тұрғыда біз партияның бағдарламасын түсіндірдік, жеткіздік. Оның ішінде ең бірінші кезекте қалаға қатысты экология мәселелері.

Орал

«Ақ жол» партиясынан кандидаттары Орал қаласына барды. Еліміз үшін экономикалық маңызы бар өңірдің өндірістік кешенімен танысты. Сапар барысында үгіт-насихат тобы бірқатар жергілікті кәсіпорынды аралап, жиһаз цехы мен трансформатор зауытында болды. Ондағы еңбек ұжымдарымен кездесіп, партияның сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Көпшілікті мазалаған сұрақтарға жауап берді. Пікір алмасып, сайлауалды бағдарламаны түсіндірді.

Азат Перуашев, «АҚ ЖОЛ» демократиялық партиясының төрағасы:

Бұл жерде сауда айналымы өте дұрыс өсіп келе жатыр. Және де азық-түлікпен айналысатын компаниялар бар. Бұл жерде машина жасайтын компаниялар бар.

Астана

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының республикалық штабы үгіт-насихаттың он күнін қортындылады. Депутаттыққа үміткерлер сайлауалды науқанын жүзеге асыру бойынша тұғырнамасы мен аймақтарға іс-сапар жоспарын пысықтады. Саяси ұйым өкілдері бүгінге дейін 300-ге жуық іс-шара өткізді. Енді оның санын 500-ден асыру жоспарланып отыр.

Мақсұт Насибулов, «Жалпыұлттық Социал-Демократиялық» партиясының мүшесі:

Бізде барлық республика бойынша кездесулер жүріп жатыр, сайлаушылармен, жергілікті халықпен. Сонымен қатар агитпоезд, барлық елді мекенді қамтып жатырмыз.

Асылбек Данияр


Хабарламаларға жазылу