Бірінші наурыз күні Қазақ радиосының тікелей эфирінде 10 сағат бойы «Мың алғыс» радиомарафоны өтеді. «Қазақстан» телерадиокорпарациясының ауқымды шарасы биыл бесінші мәрте ұйымдастырылмақ. «Алғыс айту» күніне арналған жоба бұл жолы жаңаша бағытта шығады.
Ұлтымыздың үнжариясы 2018 жылдан бастап «Мың алғыс» радиомарафонын өткізіп келеді. Осы аралықта игі жоба арқылы ел ішіндегі мұқтаж отбасылар мен ауыр дертке шалдыққан балалардың еміне 255 миллион теңгеден астам қаржылай көмек көрсетілген. Қайырымдылықтың шарапатын сезінген жандар бүгінде «Қазақстан» телерадиокорпорациясына шексіз алғысын білдіруде.
Гүлдана Отарова, Ақтау тұрғыны:
2021 жылы біз Түркияның қаласына қызыма операция жасатуға кеттік. Жілік майын транспонтациялауға. Бізге өте көп қыруар қаржы керек болды. Ұлттық арнаның ұйымдастыруымен қайырымдылық телемарафоны болды. Біздің счеттарымыз көрсетілді. Бірнеше сағаттың ішінде қыруар қаржы жиналды.
Биылғы радиомарафоның өзгешелігі халықтан жылу жиналмайды. 10 сағаттық тікелей эфир түрлі бағытта өрбиді. Соның ішінде Түркияға барған қазақ құтқарушылары, басын бәйгеге тігуге дайын тұратын өрт сөндірушілер мен қарапайым еңбек адамдары басты кейіпкерлері болмақ. Сондай-ақ, радионың ұзақ жылдардан бергі тұрақты тыңдармандары да тікелей эфирге қосылады.
Қымбат Досжан, жоба авторы:
Бізді тыңдайтын тыңдаушылар жолда бара жатса да бізге хабарласып мен анама, әкеме мені бағып-қағып өсірген нағашыма деген секілді алғыстарыңызды айтуға болады. Ол үшін біздің телефондар желісі жұмыс істейді.
Ғасырлық тарихы бар Қазақ радиосы ел аумағының 90 пайызына хабар таратады. Айта кетейік, «Мың алғыс» радиомарафоны ертең таңғы сағат 9.00-дан кешкі 19.00-ге дейін үзіліссіз эфирге шығады.
Әділбек Серікұлы