Алматы облысында топырақ көшкінінен тұрғын үйлерге зақым келді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында топырақ көшкінінен тұрғын үйлерге зақым келді

28.02.2023

Алматы облысына қарасты Бесағаш ауылында жар опырылды. Биіктен көшкен топырақ үйлерді басып қалған. Қазір мамандар апат орнын тексеріп жатыр. Олардың айтуынша, басқа да баспаналарға қауіп төніп тұр. Сондықтан маңайдағы тұрғындарды эвакуациялау керек. Көшкіннен зардап шеккендердің жағдайы қалай?

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Міне, өздеріңіз көріп тұрғандай биіктігі 10 метрден асатын жар опырылып, тіпті бетоннан жасалған қоршаудан асып түскен. Салдарынан екі бірдей үйді басып қалған. Облыстық ТЖД берген ақпаратына сүйенсек, көшкен топырақтың көлемі 360 текше метрге жуықтайды.

Таңда көшкен топырақ есік, терезелерден ішке кірген. Бұл кезде үйде балалар болған, абырой болғанда бәрі дін аман.

Бақыт Оңтайқызы, Бесағаш ауылының тұрғыны:

Құдай сақтады. Міне, осындай болып жатыр. Терезе опырылыпты, есікті жұлып әкетіпті, баспалдақтың астында терезе бар, соны да жұлып әкетіпті. Екінші қабатта өз бөлмесінде немерем ұйықтап жатқан. Ол оянбапты.

Мамандардың болжамынша, тау қыртысының жылжуына бірнеше күн бұрын жауған қар аралас жаңбыр себеп болуы мүмкін. Қырғызстан мен Қытай шекарасында орын алған зілзаланың да әсерін де жоққа шығармайды. Көршілес орналасқан тағы бір үйге зақым келген. Ауласындағы кішігірім нысан толықтай топырақ астында қалып қойды. Қазір баспаналары сайда орналасқан басқа да тұрғындар жанын шүберекке түйіп отыр.

Асқарбек Сыздықов, Бесағаш ауылының тұрғыны:

Гүр етіп құлады. Бір машинаға сыйып кететін топырақ түскен кезде қорқақтайсың. Бағымызға орай күндіз болды, түнде болғанда басқаша болар ма еді?! Ауданның әкімі келіп-кетті. Енді бірдеңе жасайтын шығар деп отырмыз.

Дегенмен, әкімдік пен тиісті мекемелер тазалау жұмыстарына әлі кіріспеген. Оған себептер бар көрінеді.

Ернар Жүнісов, Бесағаш ауылдық округінің әкімі:

Бұл апаттың жұмысы ең төбеден басталуы керек. Құлайын деп тұрған нәрсені құлату керек дейді. Сол себепті тиіспеңдер дейді. Астын ашқаннан кейін үсті тура үйдің үстіне түседі деді. Сол себепті жұмысты тоқтаттық.

Жарды толықтай құлатып, топырақты сыртқа шығару жұмыстарына облыс тарапынан қаражат бөлінуін күтіп отырмыз, дейді әкімдік өкілдері. Үйі үйіндінің астында қалғандар баспана іздеп, туыстарын жағалап кеткен. Ал ТЖ министрі мұндай қауіпті құрылысқа рұқсаттың кім және қандай негізде бергені анықталады деді. Тау беткейінің түбіне адамдар саналы түрде ештеңе салмауы керек екенін ескертеді. Мамандардың сөзінше, бүгінде «Бурабай» қалашығында орналасқан 74 үйге қауіп төніп тұр. Айта кетейін Бесағаш ауылдық округінде 500-ден астам баспана бар.

Нұрсұлтан Тілектес


Хабарламаларға жазылу