Борышкерге мүлкін сатуға 3 ай уақыт беріледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Борышкерге мүлкін сатуға 3 ай уақыт беріледі

27.02.2023

Енді борышкерлерге кепілдегі баспанасын сатуға үш ай уақыт берілмек. Бұрын нақты мерзімдері болмаған соң, сот орындаушы мен борышкер арасында түрлі түсінбеушіліктер туып, арты дауға ұласатын еді. Сонымен жаңа ереже қалай жүзеге асады?

Бір жарым жыл бұрын Алматыда болған қанды оқиға көптің есінде шығар. Несие рәсімдеп, төлей алмай қиналған азамат баспанасын тартып алуға келген сот орындаушыны атып тастайды. Екі учаскелік полицей мен екі бейбіт тұрғын да оққа ұшқан еді.

5 адамның өлімінен кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев борышкер мәселесін бір жақты қылуды тапсырған. Оған сай енді сот орындаушылар борышкердің үй, көлік секілді кепілдегі затын бас көз жоқ бірден бұғаттап, аукцион арқылы сата салмайды. Алдымен азаматтың өзіне өз дүниесін қалауынша сатып, қарызынан құтылуына мүмкіндік береді. Бірақ бұрын нақты мерзімдері жоқ еді. Енді үш ай беріліп отыр.

Гауһар Досжанова, ҚР Әділет министрлігі мәжбүрлеп орындату департаментінің бас сарапшысы:

Осы 3 айдың ішінде сот орындаушысы борышкердің сату процесіне араласуға құқығы жоқ. Ол үш айда борышкер өзі дербес, өз құқығымен қаншаға сатам десе де соншаға сатады. Тек қана талапты орындаса болды.

Ережеге өзгеріс еніп, борышкерге 3 ай уақыт берілуі бекер емес. Бұрын мерзім жоқ кезде сот орындаушылар бәрібір өз өктемдігін жүргізетін дейді мамандар. Яғни кепіл затты сатуға мүмкіндік бергендей болады, кейін ебін тауып, өзі аукционға шығарып жібереді. Өйткені уақыт созып жүргісі келмейдІ. Істі жылдам жабуды көздейді. Енді жаңа ойын ережесіне бағынудан басқа амал жоқ.

Ерлан Онтаев, Республикалық Жеке сот орындаушылар палатасының төрағасы:

Борышкер өзінің мүлкін қалай сатам десе де өзі біледі. Бұл жағдайда заңмен бекітілген мәселе ол жаңағы саудадан түскен ақша соммасы жеке сот орындаушының көрсеткен есептік шотқа түсуі қажет. Сол жерден борышкердің қарызы өтеледі. Егер артылған ақша болса, оны сот орындаушы борышкер көрсеткен есептік шотына қайтарып береді.

Ал егер сот орындаушы борышкерге мүмкіндік бермей үйді аукционға шығарса қайтпек керек?!

Шыңғыс Сейфулла, заңгер:

Онда аукцион өтіп, үй сатылғаннан кейін де азамат әкімшілік соттарға тікелей немесе заңгердің көмегімен жүгініп, сот орындаушының баспананы бағалауға қатысты, оны аукционға салып сатуға қатысты әрекеттерін заңсыз деп тануға толық негіздері бар.

Досжан Маратұлы, тілші:

Заңсыз деп танылған кейін барлығы қайта басталып, борышкерге баспанасын сатуға үш ай беріледі. Айта кетерлігі 90 күн тек жылжымайтын мүлікке қатысты. Ал көлік секілді өзге дүниелерді сатуға 1 ай уақыт қарастырылған. Бастысы дүние мүлік аукционға шығып кетпеуі үшін борышкер сот орындаушыға арыз жазып, өзі сатуға ниет білдірсе болды.


Хабарламаларға жазылу