Мәжіліс сайлауы: Үгіт науқаны жалғасып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәжіліс сайлауы: Үгіт науқаны жалғасып жатыр

25.02.2023

Саяси науқан жақындаған сайын сайлауға түсетін партиялар мен кандидаттардың үгіт-насихат жұмыстары белсенді жүріп жатыр. Өңір-өңірлерді аралап, өздерінің тұғырнамаларымен халықты таныстырып жүр.

«Amanat» партиясының Республикалық сайлауалды штабының мүшелері Ұлытау облысындағы сайлаушылармен бірқатар кездесу өткізді. №8 гимназияның педагогтарымен жүздесуде сайлауалды бағдарламаларының білім беру саласына қатысты бағыттары туралы түсіндірді. Бұдан соң, С.Сейфуллин атындағы Жезқазған қалалық кітапханасында мәдениет қайраткерлерімен кездесу өтті. Жиналғандардың мәселесін тыңдап, сұрақтарына жауап берді. Осы күні Республикалық сайлауалды штабтың мүшелері Жезқазған кен байыту фабрикасының еңбек ұжымымен кездесіп, жұмысшыларға еңбек адамын қолдауға және өндірістегі қауіпсіздікті арттыруға бағытталған партияның негізгі басымдықтары туралы айтты.

Парламент Мәжілісі мен мәслихаттарға «Ауыл» партиясынан ұсынылған кандидаттар Ақмола облысына барды. Олар Ақкөл қаласының мал дәрігерлерімен кездесті. Жалпы елдегі ветеринарлардың орташа жасы - 59. Сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары кезінде партия мүшелері өздері ойлап тапқан мобильді қосымша мен цифрлық тұғырнамасын таныстырды. Саяси ұйым өкілдерінің өңірдегі жұмыс сапары ертең Қосшы қаласында жалғасады.

Әли Бектаев, «Ауыл» партиясының төрағасы:

Жалпы мынау мал шаруашылығындағы статистикаға көп нәрсе байланысты. Егер статистика дұрыс болмаса, онда қаржы да дұрыс жұмыс істемейді. Мал шаруашылығында пайдаланылатын вакциналар да дұрыс бөлінбейді.

«Respublica» партиясы өкілдері Шымкент жастарымен кездесті. Өз бағыт-бағдарларын, мақсат-міндеттерін түсіндіріп, саяси науқанның маңызы жайында сөз қозғады. Кездесуге келген студенттер, жас кәсіпкерлер, жас спортшылар көкейде жүрген түрлі сұрақтартарын қоя отыра, өздерінің ұсыныс-тілектерін жеткізді. 700-ден аса адам жиналған басқосуда жастардың білімі мен біліктілігін жетілдіру, жұмыссыздық, жаңа экономикаға қажетті кадр тапшылығын шешу, баспана сынды мәселелерді жоюда бірлесіп жұмыс атқарудың маңызды екені айтылды. Кейін партия өкілдері Шымкент қаласындағы металлургиялық зауыттарға барып, еңбек ұжымдарымен жүздесті. Олардың мүмкіндіктерімен танысып, жұмыс барысына куә болды. 120-дан астам металлург партияның сайлауалды бағдарламасымен танысып, өз ұсыныстарын айтты. Ал партия өкілдері мұндай өндіріс ошақтарының маңыздылығына тоқталып, ұжымдарға сәттілік тіледі.

Қазақстан Халық партиясы республикалық үгіт-насихат штабының мүшелері елордадағы теміржол вокзалы кешенінің ұжымымен кездесті. Кандидаттар сайлауалды бағдарламасында көзделген реформалар туралы айтып берді. Сондай-ақ теміржолшылардың қазіргі жай-күйімен танысып, ұсыныс-тілектерін тыңдады. Қоғамдық бірлестік атынан мәжіліс депутаттығына 66 үміткер ұсынылған.

Қайнар Жұмақожа, «Қазақстан Халық партиясы» ҚБ төрағасының кеңесшісі:

Батыс пен шығысты, оңтүстік пен солтүстікті байланыстырып отырған іргелі мекемеде тұрмыз. Біздің мақсатымыз қазір өздеріңіз көрдіңіздер сайлауалды бағдарламамызбен таныстырдық және осындағы әрбір жұмысшылардың ұсыныс-тілектерін тыңдадық, жазып алдық. Сайлаушылармен кездесуіміз еркін форматта өтті.

«Байтақ» жасылдар партиясы белсенділерінің киелі Түркістан өңіріндегі кездесулері жалғасып жатыр. Республикалық штаб басшылығы Ақсу-Жабағылы табиғи қорығы қызметкрлерімен жүздесіп, мұражайды аралады. Экологиялық мәселелерге қанықты. Бұдан кейін Түлкібас ауданындағы табиғи газды тасымалдаумен айналысатын компанияға ат басын бұрып, сала мамандарына алдағы науқанның маңыздылығы түсіндірілді.

Қайрат Айтбай, «Байтақ» жасылдар партиясы республикалық штабының басшысы:

Біздің бағдарламамызды тыңдады. Тыңдап отырып, сұрақтарын да қойып отырды. Біз ол сұрақтарға жауап беруге тырыстық. Қандай біздің бағдарламамыз бар. Баратын жолымыз қандай? Жұмысымыз жалғасуда. Бұдан да арыарай кездесулерде өзіміздің бағдарламамызда көрсетілген бағыттарды түсіндіре кетеміз деген өзімізге жоспар құрып отырмыз.

«Ақ жол» партиясынан кандидаттары үгіт-насихат жұмыстарын жалғастыруда. Бүгін олар Ақтөбе қаласының кәсіпкерлерімен кездесіп, сайлауалды тұғырнамасын таныстырды. Жиында шағын және орта бизнестің даму қарқыны, кәсіпкерлікті қолдау жайы айтылды. Өңірдің азаматтары өздерін мазалаған сұрақтарын қойып, жауап алды.

Гүлжан Аязбаева, «Ақ жол» партиясы республикалық штабының мүшесі:

Өздеріңіз білесіздер қазір сайлауалды үгіт-насихат жүргізіліп жатыр. Біз осы «Ақ жол» партиясы атынан, Ақтөбе облысы атынан бірнеше ұжымдармен кездесіп жатырмыз.

«Жалпыұлттық социал-демократиялық» партиясынан депутаттыққа үміткерлер волонтерлермен бірігіп, елорданың бірқатар көшесін автокөлікпен аралап шықты. Темір тұлпарды толықтай үгіт-насихат парақшаларымен әрлеген. Партия мүшесі Мақсұт Насибуловтың айтуынша, мұндай жұмыстар еліміздің барлық өңірінде жалғасын табады. Аймақтардағы кандидаттардың дайындығы жоғары, дейді ол.

Мақсұт Насибулов, «Жалпыұлттық социал-демократиялық» партиясының мүшесі:

Барлық қаланы аралап шығамыз деген сенімдеміз. Сонымен қатар бұл бастау әрі қарай аймақтық филиалдар, аймақтық штабтар жалғастыратын болады. Ол жақта да агитаторларымыз барлық елді мекенге барып, аралап, халықпен кездесіп, өзіміздің партиямыздың программасын, партиямызды және кандидаттарымыз үгіт-насихат жұмыстарын жасайтын болады.

Асылбек Данияр


Хабарламаларға жазылу