Алматы облысында отыз мыңнан астам тұрғыны бар ауылды су басты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында отыз мыңнан астам тұрғыны бар ауылды су басты

20.02.2023

Алматы облысына қарасты Ұзынағаш ауылында 50 шақты үйдің ауласын су басты. Тасқын су тіпті кей баспаналардың ішіне де кірген. Толассыз жауған жаңңбыр мен еріген қар суы ондаған көшені де шайып кетті. Тасқынқа не себеп болып отыр, жапа шеккен тұрғындардың шығыны өтеле ме? Тілшіміз Нұрсұлтан Тілектес тарқатып айтады.

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Ұзынағаш ауылында ондаған үй суда қалған. Амалдың жоқтығынан тұрғындар қолдан жасалған соқпақпен жүріп-тұруға мәжбүр. Қызыл су, тіпті, үйлерге кірген. Салдарынан біршама отбасы баспаналарын тастап кеткен.

Солардың бірі – Таңнұр Тұрлыбаева. Қазір отбасымен бірге пәтер жалдап тұрып жатыр. Үйінің маңы көлшікке айналып, баспанасы шөге бастаған.

Таңнұр Тұрлыбаева, ауыл тұрғыны:

Іргетасы сыр беріп, қабырға жарылып құлайын деп тұр. Қарасаңыздар дала көрінеді кірпіштердің арасынан. Мына жағы да сондай. Арғы жағынан дала көрініп тұр. Мен балаларым үшін қорқамын. 

Отағасы ғана табыс табатын отбасы бұл баспананы осыдан төрт жыл бұрын тырнақтап жиған ақшасына тұрғызған. Енді одан айырылып қалсақ, барар жеріміз жоқ деп күйінеді. Дәл осындай қиын жағдайға тап болған ауыл ұзынағаштықтардың саны жетерлік.

АЛУА ҰЛЫҚСАТҚЫЗЫ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Өзіміз әрекет жасадық, арнайы техника әкеліп сорғыздық. Болмағаннан кейін кеше насос әкеліп қойдық. Есік алдындағы ғимараттың қабырғалары екі айырылып кетті.

БАҚЫТГЕЛДІ ТОҚТАРБАЕВ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Біз әкімдіктен түйе немесе бие сұрап отырған жоқпыз. Бізге екі экскаватор мен бір көлік берсе, мына жерге төрт-бес көлік топырақ түсіріп, суды төмен қарай ағатын қылсақ. Өзіміз-ақ жасар едік әрекетті.

Жағдайды қалыпқа келтіруге аудандық ТЖБ мамандары мен әскерилерді қоса алғанда 30 адам және 8 техника жұмылдырылған. Бірақ, бұл 30 мыңнан астам халқы бар Ұзынағашты қызыл судан арылтуға жеткіліксіз. «Сондықтан баспаналары мен аулаларын су шайған тұрғындар тағы бірнеше күн күтуі керек», - деді аудан әкімінің орынбасары. Өйткені, техника таудан келетін судың арнасын бұрумен әлек.

АБЗАЛ НҰРПЕЙІСОВ, ЖАМБЫЛ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Күннің бірден жылуына байланысты ағынды сулардың үлкен мөлшерде келуіне байланысты үлгермей жатырмыз. 00:36 Біздің артымызда қазір техника жұмыс істеп жатыр. Ең жоғарғы айналма арнада тұрмыз. Біз қазір соны тазартып, солтүсік-бастыста айналма өзеніміз бар. Қазір суды сол өзенге бұру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.

Ұзынағаш ауылында ағынды суларға арналған 30-дан астам арық бар. Бірақ, оның басым бөлігі тазартылмаған. Сондықтан су көшелерді шайып, 50 үйдің ауласын басқан. 10-ға жуық баспанаға кірген. Қазір 5 насоспен ауылдағы суды сорғызу жұмыстары жүріп жатыр. Тұрғындарға келген шығын әлі есептелмеген, ал зардап шеккендердің мүлкі өтеле, өтелмей ме ол жағы да әзірге белгісіз.


Нұрсұлтан Тілектес

Хабарламаларға жазылу