Мәжіліс және мәслихат сайлауы: Үгіт-насихат науқаны басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәжіліс және мәслихат сайлауы: Үгіт-насихат науқаны басталды

18.02.2023

Бүгін Мәжіліс пен мәслихат депутаттығына кандидаттар үгіт-насихат жұмыстарына бастады. Үміткерлерді тіркеу аяқталысымен, саяси науқанға қатысатын 7 партия да сайлауалды штабын құрды. Қазір олар бағдарламаларын таныстыру үшін өңірлерді аралауға кірісіп кетті.

Бүгін «Аmanat» партиясы сайлауалды штабының ресми ашылу рәсімін өткізіп, жақтастарына сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Саяси ұйым белсенділері алдағы міндеттерін үш жікке бөлген. Партия төрағасы Ерлан Қошанов бұл құжатқа қоғамдағы өзекті мәселелердің шешу жолдары енгізілгенін айтады. Оның ішінде былтырдан бері ауыл-аймақ, елді мекендерді аралап, халық тарапынан айтылған 200 мыңнан астам ұсыныс-пікір назарға алған.

Ерлан Қошанов, «АMANAT» партиясының төрағасы:

Азаматтарымыздың мұң-мұқтажы, талап-тілегі толықтай ескерілді. Бағдарламада сол отандастарымыздың қолтаңбасы бар. Бұдан бөлек, әр өңірдің ерекшелігіне, экономикалық, әлеуметтік ахуалына қарай 20 аймақтық бағдарлама әзірленді.

«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының да сайлауалды штабы ашылды. Жиынға Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидаттар, партия мүшелері, Жастар қанатының белсенділері қатысты. Сондай-ақ, 20 өңірлік штабтың қызметкерлері онлайн байланыс арқылы қосылды. Саяси бірлестік атынан Мәжіліске 33 кандидат, ал облыстық мәслихаттарға 500-ге жуық кандидат үміткер.

Әли Бектаев, «Ауыл» партиясының төрағасы:

«Ауыл» сайлауалды насихат жұмыстарына дайын. Республикалық штабтан бөлек, 20 облыстық штаб жұмыс істейтін болады. Барлық аудан мен қалаларда штабтар құрылған. Сонымен бірге 1,5 мыңнан астам партия мүшелері жұмыс жасайтын болады.

Respublica партиясы да арнайы штаб құрып, науқанға кірісті. Партия төрағасы Айдарбек Қожаназаровтың айтуынша, алдағы сайлаудың жауапкершілік жүгі ауыр. Халық сеніміне ие болу үшін партия мүшелері бір ай бойы еліміздің түкпір-түкпірін аралап, сайлаушылармен кездеседі. Түрлі акциялар өткізіп, дебаттар ұйымдастырады. Партия жетекшілері алғашқы үгіт-насихат плакаттарын ілу үшін, қызметкерлер мен еріктілерден құралған топты Астана көшелеріне өздері бастап шықты.

Айдарбек Қожаназаров, Respublica партиясының төрағасы:

Бүгінгі таңда біз бүкіл мемлекетіміз бойынша 20 штаб аштық. Штабтардың алдына қойған мақсаты – осы әр мүмкіндікті пайдалану, бүкіл халыққа үгіт-насихатты өткізу және партия мүшелерін көбейту. Біздің бағдарламадағы әр түйнекті адамдарға түсіндіру, жеткізу және қолдаушыларды көбейту.

Ал Қазақстан Халық партиясының партиялық тізімінде 52 адам бар. Бұл саяси ұйым да бүгін республикалық сайлауалды штабының отырысын өткізді. Жиынға партия атынан тіркелген мәжіліс пен мәслихат депутаттығынан үміткерлер және өңірлік филиалдардың басшылары онлайн қатысты. Қоғамдық бірлестік саяси науқанға дайындаған сайлауалды бағдарламасын таныстырды.

Ермұхамет Ертісбаев, «Қазақстан Халық партиясы» ҚБ төрағасы:

Қарапайым халықтың мүддесін қорғау. Бұл біздің бағдарламаның негізгі тұғыры. Штаб өз жұмысын бастады. Күнтізбелік жоспар бойынша еңбек ұжымдары, тұрғындармен кездездесулер өткіземіз. Алдағы бір ай ішінде ірі қалалар мен аудан және ауылдық жерлдерде 3 мыңға тарта шара өткізу жоспарланған.

«Байтақ» жасылдар партиясы да үгіт-насихат науқанын белсенді бастады. Еліміз бойынша 17 облыс пен республикалық маңызы бар 3 қалада саяси құрылымның сайлауалды штабтары құрылды . Онда алдағы жұмыс жоспары пысықталып, ұсыныс-пікірлер тыңдалды. Сондай-ақ, Қазақстан халқы ассамблеясы және Кәсіпкерлер қауымдастығымен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Азаматхан Әміртаев, «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы:

Бүгінгі күні қоршаған ортаны қорғау мәселесі ең басты тақырып болып отыр. Біздің 180 мәлихат депуттатығына үміткер, 20 Мәжіліс депуттағына үміткерлеріміз әр өңірді аралап, халықпен кездесіп, партиямыздың құндылықтары мен платформасын түсіндіреді.

Ал «Ақжол» партиясы насихат науқанын Ұлытау облысынан бастады. Кандидаттар алдымен өңірдегі Жошы хан кесенесіне барып құран бағыштады. Аймақтағы халықпен кездесіп, сайлауалды бағдарламаларын таныстырды. Олар үгіт-насихат кезеңінде барлық өңірді аралап, 4 млн тұрғынмен кездесуді жоспарлап отыр. Еліміздің әр аймағындағы штабтар алдағы сайлау науқанына сақадай-сай дейді «ақжолдықтар».

Батырхан Оспанов, Жаңаарқа аудандық штабының төрағасы:

Бүгін мына сайлауалды бағдарлама басталуына байланысты «Ақжол» партиясының көшбасшылары келіп іс шара бастап жатыр. Ұлт ұясы Ұлытаудан бастап, баталарын алып, Жошы хан кесенесіне барып, Құран бағыштап, міне келіп отырмыз. Бізде өңір бойынша сайлау науқанына дайынбыз.

Бүгін Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының да республикалық штабы ашылды. Саяси ұйым атынан Парламент депутаттығына үміткерлер үгіт-насихат жұмыстарына әзір. Кандидаттар сайлауалды науқанын жүзеге асыру бойынша бағдарламасын бекітті. Сондай-ақ, еліміздің барлық аймағына іс-сапар жоспарын бір пысықтап алды.

Асхат Рахымжанов, ЖСПД Республикалық сайлау штабының жетекшісі:

Біз іс-шаралардың кестесін дайындадық. Олардың бірнеше деңгейі бар. Еліміздің барлық өңірінде үгіт-насихат жұмыстары жүргізіледі. Сайлаушылармен кездесу және үгіт-насихат парақшалары ережеге сай өтеді. Сондай-ақ сауда және ойын-сауық орталықтарында парақшаларымызды таратамыз. Бұл жұмыстардың барлығы сайлау заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Айта кетейік, үгіт-насихат шаралары 18 наурыз сағат 00:00-ге дейін жалғасады. 18 наурыз – тыныштық күні. Ал сайлаудың өзі 19 наурызда өтеді.

Айя Мүтәлі


Хабарламаларға жазылу