Түркиядағы алапат жер сілкінісінен бері 10 күн өтті. Бірнеше қалада құтқару жұмыстары толық аяқталды. Дегенмен Хатай, Қаһраманмараш секілді ірі қалаларда қирандылар көп болғандықтан жұмыстар әлі де жалғасып жатыр. Біздің Түркиядағы тілшіміз Айдос Әшімұлы зілзала ошағынан бізбен тікелей байланысқа шығып тұр. Айдос соңғы ахуал қандай?
Айдос Әшімұлы, тілші:
Мен қазір Түркиядағы алапат зілзаланың ошағы Қахраманмараш қаласында тұрмын. Бір миллионнан астам тұрғыны бар облыс орталығы апаттан ең қатты зардап шеккен қала. Қалада сау ғимарат жоқтың қасы. Көптеген үйлер жермен-жексен болған. Бұл апаттан қайтыс болғандар саны Түркия тарихындағы ең ірі жер сілкінісі саналатын 1939 жылғы Ерзинжан зілзаласында опат болғандардан асты. Мамандар 7 тәуліктен соң адамдардың үйінді астында тірі қалуы өте сирек дегенді айтады. Алайда сағат сайын қирандылар астынан амен-есен шығарылғандар туралы ақпарат келіп жатыр. Бүгінге дейін барлығы 105 мыңдай адам үйінді астынан шығарылды. Олардың 15 мыңға жуығы ауруханада жатыр. Ел президенті Режеп Тайип Ердоған соңғы адам қалғанша құтқару жұмыстарын жалғастыра береміз, деді. Сондай-ақ, жер сілкінісінен қаза тапқандардың жақындарына 100 мың лира, яғни екі жарым млн теңгеге тең қаржы берілетінін айтты. Қираған қалалар бір жылда толық қалпына келтіріледі деп уәде берді.
Айдос Әшімұлы