Тарбағатайға келуге ниетті жастар көп: Кедергі бар
Шығыста былтыр қайтадан аудан болып құрылған Тарбағатайда атқарылатын шаруа шаш етектен. Солардың ең негізгісі – әлеуметтік нысандарды жөндеп, инфроқұрылымды жаңалау. 25 жыл бұрын аудан орталығы Ақсуатқа көшкенде тек орталық аурухана ғана өз мәртебесін сақтап қалды.
Тарбағатай төрт түлігі түлген ауданның бірі болатын. 1997 жылы Ақсуатқа қосылды. Алайда Ақжар ауыл болса да, ажары тайған жоқ. Негізгі әлеуметтік мекемелердің барлығы да халыққа қызмет етті. Ауылдағы қырық орындық аурухана да науқастарға ем-дом жасап келді.
Ләззат Мәдиева, Тұғыл ауылының тұрғыны:
Аудан орталығы болғанына қуанып жатырмыз. Анау Ақсуатқа үлкендер жетіңкіре алмаймыз. Ол жерге барғаннан кейін жату қиын. Үйден хат-хабар ала алмайсың. Содан кейін осында жүгіреміз.
Енді жүгірмейтін болды. Былтырдан бастап ішкі ағзаларды зерттейтін және рентген құрылғыларының бірнеше түрі алынды. Шағын станция қойылып, оттегі беру жүйесі орталықтандырылды. Тек 1976 жылы салынған аурухананың ғимараты бірде-бір рет жөнделмеген. Биыл инфрақұрылымын жаңалауға 127 миллион теңге бөлінді. Перзентхана бөлімі де жаңғыртылады.
Елжан Манарбеков, Тарбағатай аудандық ауруханасының бас дәрігері:
Оған себеп - ауылдық адамдарды қалаға жөнелтпей өзімізде осында босандырамыз. Оның өзіне 270 миллионға балаларды күтетін, әйел адамдарды тексеретін медициналық жабдықтар алынды.
Аудан қайта құрылғаннан бері Ақжарға келіп жұмыс істеп жатқан жас мамандар да бар. Солардың бірі-Дәлелхановтар отбасы. Жас дәрігерлерге былтыр мемлекеттен баспана берілді. Әлі де ауылға келгісі келетін мамандар көп. Тек баспана жоқ.
Сұңғат Дәлелханов, акушер-гинеколог:
Баспанамен қамтамасыз етілсе екен. Содан кейін жұмыс орны. Ұжымының жылылығы. Ауылға жастар келу керек? Қазір ұжымдағы жұмыс істеп жатқан адамдардың тең жартысы орта жастағы кісілер. Жастар аз.
Тек медицина емес, ауданға енді келген мамандар да баспананы жалға алып тұрып жатыр. Сондықтан жаңа құрылған ауданда үй мәселесі өте өзекті болып тұр.
Олжас Керейхан
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
