Қостанай облысына Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов арнайы сапармен барды
Осы аптада Қостанай облысының Рудный қаласында жергілікті техногендік төтенше жағдай жарияланды. Бұған инженерлік желілердің қыс түскелі қайта-қайта жарылуы себеп. 1 қазан мен 9 ақпан аралығында мұнда жылу, су және кәріз құбырларынан 74 рет ақау шығып, ондаған тұрғын үй мен бизнес нысан тәуліктеп жылусыз қалған еді.
Соңғы апат осы бейсенбіде болды. Салдарынан 83 тұрғын үй мен басқа да 17 нысан 12 сағаттан астам уақыт жылудан ажыратылды. Рудныйда инженерлік желілердің тозу көрсеткіші 67 пайыздан асқан. Ал жарияланған төтенше жағдай апат болған кезде жедел қимылдап, қосымша күшті жұмылдыруға, қажетті қаржыны да уақыт созбай жылдам бөлуге мүмкіндік береді.
Жалпы облыс бойынша ұзындығы 810 шақырым жылу желісінің 57 пайызы тозған. Ең жоғарғы көрсеткіш Арқалық қаласында. Небәрі 35 шақырымға созылған құбырдың 90 пайызға жуығы шіріп тұр.
Рудный қаласының Горняк көшесіндегі диаметрі 500 мм-ден асатын магистралды құбыр жылу маусымы басталғалы 6 рет жарылды. Далаға аққан ыстық судан апат болған аумақты қалың тұман басқан. Қауіпсіздік үшін көшеде қозғалыс шектеліп, полиция жол бойын бақылауға алды. Мұндайда жылусыз қалған тұрғындар үйлеріне электр жылытқыш қосып амалдайды.
Нұрсұлу Бамұратова, Рудный қаласының тұрғыны:
Үй суық. Балаларым қызуы көтеріліп ауырып жатыр. Жылу қашан берілетіні белгісіз. Қыстай осымен бірнеше рет қайталанды. Ас үйде газды, басқа бөлмеде жылытқыш қосып отырмыз. Бірақ олар тиіті жылуды бере алмайды бәрібір.
Магистраль соңғы рет жарылғанда, апат орнында жылу желісінің мамандарымен бірге төтенше жағдай қызметкерлері де жүрді. Арнайы техниканың да түрі көп. Төтенше жағдай жарияланғандықтан, барлық құрылымдарды осылайша ақауды қалпына келтіруге жедел жұмылдыруға мүмкіндік туып отыр.
Дәуренбек Әбдібек, тілші:
Мына тұрған алып құрылғы мотопомпа деп аталады. Төтенше жағдайға тиесілі. Оның қуаты секундына 380 литр суды сорып алып, сыртқа лақтыруға жетеді. Соның арқасында ақау шыққан құбырдың шұңқырындағы су небәрі 3 сағатта құрғатылған.
Бұған дейін шұңқырға кілкіген суды сорып алудың өзіне 8 сағат уақыт кететін. Ал қақаған қыста қалпына келтіру жұмысының әр сағаты қымбат. Қайта-қайта жарылған магистраль осыдан 10 жыл бұрын ғана төселіпті. Бірақ тез ескірген.
Азамат Ысқақов, Рудный қаласы әкімінің орынбасары:
Бұл жер ойпат болғандықтан, ағын сулар жиналып, құбыр соның әсерімен шіруі мүмкін. Ұзындығы 700 метр. Алдағы жылы жергілікті бюджет есебінен осы магистарльді қайта жаңартамыз. Ал оған ағын судың әсерін азайту үшін суағарлар салынады.
Сонымен қатар Рудныйда құны 11 млдр теңгеден асатын екі жоба дайындалып, бюджеттік өтінім берілді. Жоғарыдан мақұлданса, бірнеше магистралді және кварталішілік желілер жаңартылады. Жалпы облыс бойынша инженерлік желілердің 57 пайызы ескірген.
Талғат Лайықов, облыстық Энергетика және тұрғынүй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:
Биыл қаңтар айында, республикалық бюджеттен қаржы қарастыруға 9 жоба ұсындық. Жалпы құны 17,1 млдр теңге тұрады. Бұл жобалар жүзеге асса, желілердің тозу көрсеткішін 57 пайыздан 55 пайызға төмендетуге болады.
Биыл тағы 41 шақырым жылу желісін жөндеуге бағытталған 12 жоба сараптамаға жіберілмек. Оған 16,8 млрд теңге қажет. Егер жоба жоғарыдан мақұлданса, тозған құбырдың үлесі 3,6 пайызға азаяды.
Апта соңында Қостанай облысына Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов арнайы сапармен барды. Министр орынбасарының айтуынша, 2023 жылы елімізде «Жылу энергетикасы туралы» заң қабылданады. Жаңа заң ұзақ мерзімді жоспарларды жүзеге асыруға, орталық пен жергілікті атқарушы органдардың өзара қарым-қатынасын жүйелеуге мүмкіндік беруі тиіс.
Дәуренбек Әбдібек
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
