Түркияда жер сілкінісінен аман қалғандарды іздеуде кинологтардың көмегі орасан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркияда жер сілкінісінен аман қалғандарды іздеуде кинологтардың көмегі орасан

11.02.2023

Түркиядағы апаттан кейінгі іздеу-құтқару жұмыстарында кинологтар мен иісшіл иттердің көмегі ерекше. Үйінді астында жатқан адамды иттерден артық ештеңе жылдам сезе алмайды. Үйілген топырақ пен бетонның арасынан саңылау тауып, адамның жатқан жерін дәл көрсететін де - осы иттер. Түркиядағы тілшіміз Айдос Әшімұлы апат аймағында жұмыс істеп жүрген кинологтардың жұмысы туралы бейнематериал әзірлеген еді. Назарларыңызға ұсынамыз.

Айдос Әшімұлы, тілші:
Газиантеп қаласында құтқару жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Апаттан 5 тәулік өтсе де, әлі үміттер үзілген жоқ. Мына үйінділер астында әлі де тірі адамдар болуы мүмкін. Құтқарушылар үшін кинологтардың орны өте ерек.

Газиантеп қаласында біздің құтқарушылар бүгінге дейін 7 адамды аман-есен алып шықты. Үйінділер астында қалмаса да үйлері қираған, үйлері тұруға жарамсыз халге келген мыңдаған адам бар. Солардың арасында біз екі қазақ жігітпен сұхбаттасқан болатынбыз. Рамазан мен Исмаил екеуінің үйлерінің қабырғалары жарылып, далада қалған екен.

Рамазан Демиркол, Газиантеп қаласының тұрғыны:
Осы жерде зілзала болғанда үйімізден әрең қашып шығып, жанымызды әзер құтқарып жүрміз. Бәріміз осылай далада жасаймыз.
Исмайыл Демиркол, Газиантеп қаласының тұрғыны:
Осы ащы күндерде бізді жалғыз тастамадыңыздар.
Мен мына үйлердің әр жағында тұрамын. Үйім құламаған, бірақ қатты зақым келген. Сондықтан үйлерімізге кіруге рұқсат жоқ. Қазір әкімдіктің берген спорт залында қонып жатырмыз. Бір қуанарлығы, бәріміз аманбыз. Бұл жерде туған туыстарымыз жоқ, тек еуеміз ғана.
Айдос Әшімұлы тілші:
Уақыт өткен сайын үйінділер арасынан тірі адамдарды табудың мүмкіндігі азайып барады. Дегенмен қуанышты хабарлар да жоқ емес. Жаңа ғана апаттан 128 сағат өткенде Хатай қаласында 12 жастағы жасөспірімнің үйінді астынан шығарылғаны туралы қуанышты хабар жетті. Осындай хабарды естігенде мыңдаған жүректе үміт оты қайтадан жанады. Сондықтан құтқарушылар апат орнын толық тазалап, ішіндегі тірі адамдардың барлығын шығармайынша елге қайтпайды.

Айдос Әшімұлы


Хабарламаларға жазылу