Алматыдан көмекке аттанған құтқарушы мен медицина маманы Түркияға жетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыдан көмекке аттанған құтқарушы мен медицина маманы Түркияға жетті

07.02.2023

Алматыдан көмек қолын созу үшін ұшқан бір топ құтқарушы мен медицина маманы Түркияға жетті. Газиантеп қаласына барып қонған жасақ іздеу, құтқару жұмыстарын бастауға дайын. Мамандар жапа шеккен халыққа медициналық көмек көрсетуді де жоспарлап отыр. Құтқару операциясы неше күнге созылмақ? Тілшіміз Нұрсұлтан Тілектес тарқатып айтады.

Түні бойы ауа райының қолайсыздығына байланысты ұша алмаған құтқарушылар, қалың тұман сейілген соң таңға қарай жолға қамданды. Бортқа республикалық жедел-құтқару жасағының 33, Апат медицинасы орталығының 5 қызметкерінен бөлек Төтенше жағдайлар министрлігінің үш өкілі жайғасты.

ИБРАГИМ КҮЛШІМБАЕВ, ҚР ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР БІРІНШІ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

Дәрігерлеріміз де, құтқарушыларымыз да бар. Арнайы қызметтік иттерді алып, осы Түркия еліне зардап шеккен ағайындарымызға көмекке бара жатырмыз. Өзім осы топты басқарып бара жатырмын. Барғаннан кейін сол жақта өзіміздің лагерімізді құрып, автономды түрде жұмыс істейміз. 

Алматыдан сағат таңғы 10:00-нан аса ұшқан құтқарушылар араға 6 сағат салып, Газиантеп қаласына қонды. Мамандар 3 бірдей техника мен шатырлар, дәрі-дәрмек және үйінді астында қалған адамдарды құтқаруға арналған арнайы құрылғылар ала келген.

ТИМУР ҒАБДЫШЕВ, ҚР ТЖМ «РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЖЕДЕЛ ҚҰТҚАРУ ЖАСАҒЫ» ММ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Жасақ құрамында бұған дейін де халықаралық дәрежеде жұмыс істеген, тәжірибесі мол мамандар бар. Олар Газиантеп қаласында 14 тәулік іздеу, құтқару жұмыстарын жүргізеді.

Түркиядағы зілзаладан көз жұмып, жараланғандар саны азаяр емес. Сондықтан Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі құрамына 125 дәрігер кіретін арнайы бригада құрып, жер сілкінісінен зардап шеккен қалаларға жіберуді көздеп отыр. Яғни, жуық арада Түркияға тағы бір ұшақ жіберілуі мүмкін.


Хабарламаларға жазылу