Түркияның орталығында бүгін тағы жер сілкінді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркияның орталығында бүгін тағы жер сілкінді

07.02.2023

Түркияның орталығында бүгін тағы қуаты 5,5 балдық жер сілкінісі болды. Оның ошағы Гельбаши қаласынан 10 шақырымда тіркелген. Ал кешегі зілзаладан Түркия мен Сирияда қаза тапқандар саны 4 мыңнан асты. Іздеу құтқару жұмыстары Түркияның оңтүстік-шығысынан Сирияның солтүстігіне дейін жалғасып жатыр. Түркияда 7,8 балдық зілзаладан мыңдаған ғимарат құлаған. Бірнеше сағаттан кейін болған екінші жер сілкінісі жағдайды одан әрі қиындатты. Тағы 40 шақты кішігірім дүмпу болған. Әлемнің бірқатар елі Түркияға гуманитарлық көмек, мамандарын, техникаларын жіберіп, қол ұшын созып жатыр. Үйсіз қалғандарға уақытша паналар салынған. Дегенмен елдің кей өңірлерінде аяз күшейіп, тұрғындар далада от жағып, жылынуға мәжбүр.  

Орхан Сахин, жергілікті тұрғын:

Үйіміз қирады, ішіне кіре алмаймыз. Таңертеңнен бері нәр татқан жоқпыз. Балаларымыз аш. Алла бәрімізді сақтасын.

 Хулуси Ибрахим, жергілікті тұрғын:

Мұны ақырзаманға теңедім. Кенеттен үстімізге ғимарат құлады. Сол кезде әйелім қасымда болған еді. Ол үйінді астында қалып қойды. Ұзақ уақыт бойы хабарсыз болды.

Арай Төлегенқызы

Хабарламаларға жазылу