Түркияның Хатай провинциясында тағы жер сілкінді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркияның Хатай провинциясында тағы жер сілкінді

21.02.2023

Түркияның Хатай провинциясында кеше кешке тағы жер сілкінді. Қуаты 6,4 балл болған зілзаланың орталығы Дефне ауданында анықталды. Жер дүмпуінен ондаған ғимарат құлап, 6 адам қайтыс болған. Жараланғандар саны 294 адам. Қайтыс болғандардың барлығы екі апта бұрын болған зілзалада қираған үйлерінен заттарын алып шығу үшін кірген адамдар. Ал жараланғандардың көбі құлағалы тұрған үйлерден бетон сынықтары немесе кірпіш сияқты қатты заттар үстеріне түсіп жарақат алған. Қазір құлаған үйлерде іздеу-құтқару жұмыстары тоқтатылды. Екі күн бұрын ғана сол өңірден оралған ел Президенті Режеп Тайып Ердоған қайтадан жер сілкінген аймаққа аттанды. Апат аймағындағы мектептерде сабақ тоқтады.

Махмуд Өзер, Түркия республикасының білім беру министрі:
Апат болған он облыстағы 75 мыңға жуық оқушыны өзге өңірлерде оқыту туралы шешім қабылдадық. Қазір балаларды сол аймақтардағы жатақханаларға орналастыру жұмыстары басталды. Зілзала болған жерлердегі барлық мектептер толық тексерілгеннен соң ғана сабақ бастаймыз. Ал апаттан қатты зардап шеккен облыстарда сабақты 13 наурызға дейін, кей жерлерде 27 наурызға дейін тоқтаттық.

Айдос Әшімұлы

Хабарламаларға жазылу