Қазақстандық құтқарушылар мен дәрігерлер Түркияға аттанды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандық құтқарушылар мен дәрігерлер Түркияға аттанды

07.02.2023

Қиын-қыстау кезеңде бауырлас елге көмек беру үшін Президенттің тапсырмасымен бір топ құтқарушы, медицина мамандары және қажетті техника тиелген ұшақ Алматы әуежайынан Түркияға аттанды. 

Түркияға аттанатын ұшақ ауа райының қолайсыздығына байланысты, түні бойы ұша алмады. Міне, қазір таң атып, тұман сейілген соң жолға аттанды. Бортта ұшқыштармен қоса, 41 адам – республикалық жедел-құтқару жасағының 33 қызметкері, Апат медицинасы орталығының 5 қызметкері және министрдің бірінші орынбасары Ибрагим Күлшімбаев бастаған Төтенше жағдайлар министрлігінің үш өкілі бар. 

Құтқарушылар мен медицина мамандары отырған ұшақ Түркияның Газиантеп қаласына барып қонады. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, Түркиядағы жер сілкінісің салдарынан қаза болғандардың саны 2000-нан асқан. 13 мың адам жарақат алған. 7,7 магнитудалы зілзала Түркия мен Сирияның бірнеше облысына әсер еткен.

Арай Төлегенқызы

Хабарламаларға жазылу