Президент тапсырмасы: Екібастұзға жылу үздіксіз берілуі керек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент тапсырмасы: Екібастұзға жылу үздіксіз берілуі керек

06.02.2023

Тұрғындар тоңбауы керек! Мемлекет басшысы Премьер-Министрдің орынбасары Роман Склярға және Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановқа Екібастұздағы пәтерлер мен әлеуметтік нысандарда температура режимін тұрақтандыруды тапсырды. Ол үшін барлық қажетті шараны қабылдау қажет. Бұл туралы Ақорда telegram парақшасында хабарланды.

Болат Аманбаев, тілші:

Шынымен де апаттан кейін басталған жылу желілерін жөндеу, қалпына келтіру жұмыстары созылып кетті. Мәселен, бүгін бірқатар мектепте сабақ кестесі қысқарды. Оқушылар енді әр пән сайын кабинет ауыстырмайды. Сабақ бір сыныпта ғана өткізіледі. Негізі жылу электр орталығы мен жылу желілеріндегі ақауды жөндеу үшін күн сайын бірнеше шағын ауданда үйлерді жылудан ажыратуға тура келеді. Бұл жұмыстар кейде 9 сағатқа дейін созылады.

Еркін Темірғалиев, қала тұрғыны:

Температура құлағанда бітті, мына үйде отыруға болмайды. Екі немереммен жатын бөлмесіне тығыламыз. Жылытқышты қосамыз. Жылытқыш 19 градусқа дейін температураны көтереді. Солай міне отырамыз.Осы күнге дейін отырмыз. Ана батарея деген мүлдем ештемеге жарамайды екен.

Кеше аймақ басшысы Екібастұзға арнайы келіп жедел штаб отырысын өткізді. Онда негізінен өткен қаңтар айындағы жылу төлемақысын қайта есептеу мәселесі қаралды. Себебі, соңғы уақытта тұрғындар тарапынан үй суық болғандықтан жылу мен электр қуатына толық көлемде құн төлемейміз деген шағымдар көбейіп кетті.

Болат Аманбаев


Хабарламаларға жазылу