Жаңадан құрылған «Байтақ» және «Respublica» партиялары енді елдің барлық аймағындағы мәслихат сайлауына қатыса алады. Ал Мәжіліс сайлауына партиялардың дайындығы қыза түскендей. Осы аптаның өзінде 5 партия съезін өткізіп, кандидаттар тізімін бекітті. Мажоритарлық жүйе бойынша депутат болғысы келетіндердің белсенділігі де жоғары. Әзірге Орталық сайлау комиссиясы қанша адамның өзін-өзі ұсынғанын айтпады. Бірақ әлеуметтік желілерде сайлауға қатысатынын хабарлап жатқандар көп. Тілшіміз Аманкелді Сейтхан апта бойы саяси партиялардың сьездеріне қатысып, олардан Парламентке барғанда не өзгертпек екенін сұраған. Шолуына көз салсақ.
Ермұхамет Ертісбаев, «Қазақстан халық партиясының» төрағасы:
«Халық партиясы» саяси партиялардың ішінде сайлауалды съезін бірінші өткізіп отырмыз. Ал бірінші болу біздің саяси алаңдағы визиттік карточкамыз болып кетті. Былтыр сайлауда Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын қолдауға халық коалициясын құруды бірінші болып «Халық партиясы» ұсынды. Сондықтан біз сайлауда да басым түсіп, бірінші болатынымызға сенеміз.
Кезектен тыс 23-ші съезін осылай бастаған «Қазақстан халық партиясы» сайлауға партиялық тізіммен 52, мажоритарлық жүйемен 15 адам ұсынды. Жиынға қатысқандар оларды бірауыздан қолдады. 2004 жылы «Қазақстан коммунистік халық партиясы» болып құрылған ұйым 2 жыл бұрын атауынан «коммунистік» сөзін алып тастаған. Ал былтыр партия басшысы болып Ермұхамет Ертісбаев сайланған. Содан бері партия жаңарып, бағыты өзгерді,-дейді ұйым мүшелері. Тіпті, жақында бірнеше азамат партиядан шығып кеткен.
Асхат Асылбеков, «Қазақстан халық партиясы» төрағасының орынбасары:
Партияның облыстық филиалдары басшыларының 99 пайызы ауысты. Ал партиядан Ерлан Смайлов, Жамбыл Ахметбеков, Ғазиз Құлахметовтердің бәрі өз еркімен кетті. Біз оларды қуған жоқпыз. Қазақстан азаматтарына шындықты айтуымыз керек, партияның бұрынғы құрамына қарасақ, ол марианеткалардың партиясы болды. Ал Ертісбаев келгелі олай емес. Орталық сайлау комиссиясына құжат тапсырғанда Ермұхамет Ертісбаев «Егер партияға Мәжілістен 40 орын тимесе, депутат болмаймын, орнымды басқа біреуге беремін» деп те мәлімдеді.
Болашақта Қазақстанды Еуроодаққа қосу мәселесін қозғаймыз деген «Ақжол» партиясының төрағасы Азат Перуашев сайлауалды бағдарламасын 30 минуттай таныстырды.
Азат Перуашев, «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы:
Сайлаушыларымызға айтатын сөздерімізді жеткізейік десек, оларға ыңғайлы тілмен жеткізуіміз керек. Ұлттық идея сияқты мәселелер көтерілген кезде, әрине, біз міндетті түрде мемлекеттік тілде жеткізе аламыз. Ал экономикалық мәселелерде әлі күнге дейін біз орыс тілінде жеткізуге мәжбүрміз.
Партия атынан Мәжілістің 7-ші шақырылымында болған депутаттар екі жылда 190 сауал жолдағанын, заңдар мен құжаттарға мыңға жуық өзгеріс ұсынып, олардың жартысы мақұлданғанын айтты. Осы жолғы сайлауға партиялық тізім бойынша 54, бір мандатты аумақтық сайлау округі бойынша 24 адам ұсынылды. Делегаттар оларды толық қолдады. Бірақ кейбір азаматтар партия жұмысын сынға алды.
Партияның ішкі құрамын өзгертуді ұсынып, тіпті, Перуашевтің ұйымды 10 жылдан астам басқарып келе жатқанын еске салғандар да болды.
Азат Перуашев, «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы:
Егер менің әріптестерім басқа бір төрағаны сайлайық десе, біз оған дайынбыз. Бұл мәселені партиямыздың кезекті құрылтайында қарастыру құқығы бар. Бізді көптеген кедергілер, көптеген тосынсыйлар күтіп тұр. Бірақ біз одан ешқашан қорыққан емеспіз. Саяси күрес бізді күшейтеді.
«Біз ешкімнен қорықпаймыз» деген «Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы» мәжіліске 25 үміткер ұсынды. Бірақ партияның сайлауалды бағдарламасы әлі дайын емес екен.
Асхат Рахымжанов, «Жалпыұлттық социал-демократиялық» партиясының төрағасы:
Өйткені ол бір аадмның отыра қалып жаза салатын дүниесі емес. Біздің облыстарда филиалдарымыз көп. Солардан ұсыныстар келіп жатыр.
Бағдарламамызды 2-3 күнде дайындаймыз деген партия 2007 жылы құрылған. Екі жыл бұрын өткен Парламент сайлауына қатысқан жоқ. Ал былтыр Президент сайлауында үміткер болған ұйым мүшесі Нұрлан Әуесбаев бәсекелестерін «қуыршақ партиялар» деп айыптап, «Аманатты» ғана қарсылас санайтынын айтты.
Нұрлан Әуесбаев, «ЖСДП» Астана филиалының төрағасы:
Оппозициялық партия ретінде біздің басты қарсыламысыз «Аманат» партиясы болайын деп тұр. Екіншісі – «Ақжол» партиясы. Олардың барлығы олигархатпен күресіп жатырмыз деген әдемі лозунгілерді айтады, бірақ іс жүзінде олигархтардың партиясы. Олар өздерімен өздері қалай күреседі? Қазір тағы да екі партия ашылды. Байтақ және Республика. Олардан нақты іс-әрекет көрген жоқпын, нақты ештеңе айта алмаймын.
Былтыр ғана тіркелген «Байтақ» жасылдар партиясының сайлауалды съезі даумен өтті. Партия Мәжіліске барлығы 22 адам ұсынған. Бірақ Атыраудан келген мүшесі ол тізімге келіспей, шу шығарды.
Марал Көшенов, «Байтақ» жасылдар партиясының мүшесі:
Мен облыстық жиналыстың тізімінде кіріп тұрмын. Бірақ кеше маған белгісіз себептермен тізімнен алынып тасталдыңыз дейді.
Партия төрағасы бұл қателік екенін айтып, аймақтағы бөлімшелер тізімді кешіктірген деп айыптады.
Азаматхан Әміртай, «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы:
Олар кеше өткізген екен. Ал бізде бүгін сьезд гой. Барлық партия мүшелеріне айттық. Бізге ең болмағанда екі-үш күн бұрын беруі керек еді.
Басты мақсатымыз экологиялық мәселелерді шешу деген партия құрамына эстрада әншілерін де қосып алыпты.
Үкіметтің ауылға қатысты жобаларын сынаған «Ауыл» партиясы Мәжіліс партиялық тізіммен 25, мажоритарлық жүйемен 9 адам ұсынды. Айта кетейік, 2002 жылы тіркелген партия ешқашан мәжіліске енбеген.
Әли Бектаев, «Ауыл» халықтық-демократиялық партиясының төрағасы:
«Ауыл» партиясы осы жолы үшінші рет Мәжіліс сайлауына қатысып жатыр. 2017 жылы бірінші сайлауда көрсеткішіміз көңілден шыққан жоқ, шыны керек. 2021 жылы сайлауда Мәжіліске өте алмадық, бірақ жергілікті мәслихаттарға 237 адамымыз өтті. Мұның барлығы осы «Ауыл» партиясының өз жұмысын жетілдіргендегі жетістігі деп айтамыз.
Партия осы жолы Парламентке өтуге үмітті. Осы мақсатта былтыр Президенттікке кандидат болған Қарақат Әбденді де қатарына қосқан. Мәжіліске барсақ, басты мақсат – ауылды дамыту дейді. Партиялардың бәрі де сайлауға тек жеңіс үшін қатысып жатқандарын айтты. Ал жаңадан құрылған «Республика» партиясы құрылтайын ертең өткізсе, «Аманат» партиясы 7 ақпанға жоспарлаған.
Айта кетейік, кандидаттарды ұсыну 8 ақпанға дейін жалғасады. Ал тіркеу 18 ақпанда аяқталады.