Енді көлік тұрағы болмаса, үй салынбайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Енді көлік тұрағы болмаса, үй салынбайды

03.02.2023

Бұдан бұлай көлік тұрағы болмаса, бір де бір үй салынбауы керек. Жұрт көлігін қайда қоярын білмей әуре-сарсаңға түсіп жүр. Апта басында Президенттің төрағалығымен елорданы дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке осындай тапсырма берді. Автотұраққа жарымай отырған тұрғындар арнамызға хабарласып, шағымын жеткізген еді. Олар үйлерінің жан-жағында көлік көбейгендіктен, балалардың қауіпсіздігіне алаңдап отырғанын айтты. Ал әкімдік әлі нақты шешім шығармаған.

Гуля Әбдірова «Саранда» тұрғын үй кешенінде тұрады. Мұнда көшіп келгенде көлік қозғалысы қалыпты, әрі қауіпсіз болатын, дейді. Өйткені үй маңындағы мектептің жоспары басқа болған. Кейін келе бала саны көбейгендіктен аумағы 2 есе үлкейген. Бұл тұрғындардың жүріп тұруына да әсер етіп отыр. Оның үстіне мұнда автотұрақ қарастырылмаған.

Гуля Әбдірова, қала тұрғыны:

Бұл негізінде кварталішілік жол деп аталады. Үйдің солтүстік бөлігінде қақпа бар. Ал, бұл бөлігі тек осы қалашықта тұратын адамдарға арналған. Әрбір үйде кемі 100 көліктен бар. Одан бөлек, таңертең және кешке осы жердегі мектеп пен балабақшаға балаларын тасиды. Автотұрақ жоқ, сосын жолдың бос жеріне көлігін қоя салады. Қауіпсіздік талаптары да сақталмаған.

Тұрғындар бұл мәселемен әкімдіктің есігін тоздырдық, дейді. Нақты жауап бермейді деп шағымданды Гуля Әбірова. Айтуынша, қазіргі қала әкімі Жеңіс Қасымбекпен де жолыға алмай жүр. Аталмыш мәселе мектеп құрылысы аяқталғанша шешілсе деген тілегі бар. Ол ашылса, жағдай бұдан бетер қиындай түсетінін жеткізді.

Астана қалалық полиция департаменті жыл басталғалы жол жүру ережелерін бұзған, яғни көлігін белгіленбеген жерге тұраққа қойған адамдардың үстінен 11 мыңнан астам әкімшілік құқықбұзушылықты анықтаған. Көлік жүргізушілеріне 407 миллион теңгеден астам айыппұл салынған. 247 автокөлік коммуналдық тұраққа қойылды.

Автотұрақ мәселесі шешілмесе көшелерде көлік қозғалысы қиындап, кептіліс жалғаса бермек. Әкімдік пен жауапты министрлік
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жұмысты бастап кетіпті. Алайда, әзірге нақты жоспар бекітілмеген. Қаланың 2035 жылға дейінгі бас жоспары бойынша алдағы уақытта жаңа жол салынып қоғамдық көліктер көбейеді.

Бекзат Әділов, «Астана қаласының бас жоспары» ҒЖИ бас сәулетшісі:

Көлік құрылысына келетін болсақ, 2035 жылы жалпы ұзындығы 2500 шақырым жол Астанада болады деп есептеп отырмыз. Қаладағы көлік кептелісін жеңілдету үшін ең бастысы біздің жоспарда Тәуелсіздік даңғылы бойындағы көпірді осы жылы аяқтау керек деп болжанып отыр және қосымша 5 көпір салыну керек деп есептеп отырмыз.
Статистика бойынша Астанада 430 мыңдай көлік бар. Одан бөлек, күніне қалаға 100 мыңнан аса көлік кіріп шығады. Бұл сан алдағы 12 жылда екі есе көбейеді, дейді мамандар. Сондықтан мәселені шиеленістермеу үшін қоғамдық көліктер санын көбейту ұсынылып отыр. Бұдан бөлек, 2035 жылға дейін тұрғын үй қорын 68,2 квадрат метрге жеткізу жоспарланған. Құжат әлі әзірлену үстінде. Ол жыл соңына дейін бекітілуі мүмкін.

Асылбек Данияр

Хабарламаларға жазылу