Астанадағы Талдыкөл аумағына енді үй салынбайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанадағы Талдыкөл аумағына енді үй салынбайды

30.06.2023

Астанадағы Талдыкөл аумағына енді үй салынбайды. Бұл туралы қала әкімі Жеңіс Қасымбек айтты. Үлкен Талдыкөл соңғы 20 жылда 10 есе кішірейіп кеткен. Енді оны қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі. Әкімдік экологтармен және белсенділермен ақылдаса отырып түрлі жолдарын қарастырып жатыр. Кіші Талдыкөлдің аумағында саябақ пайда болуы мүмкін. Әзірге жобасы пысықталуда. Көлге құятын табиғи өзен де бұлақ та жоқ. Сондықтан қалпына келтіру өзге тәсілмен жүргізіледі.

Жеңіс Қасымбек, Астана қаласының әкімі:

2015 жылдан бастап кәріз арқылы, ливневка арқылы Талдыкөлге баратын суды тазалап Есіл өзеніне жібергенбіз. Енді министрлікпен келісіп ол суды Талдыкөлге беретін болдық. Екі апта болды сол жаққа жіберіп жатырмыз. Үлкен Талдыкөлдің көлемін 5 есе көбейтеміз. Оған 1-1,5-2 жыл керек болады. Құрылыс, жаңа құрылыс ол жерде болмайды. Салынған үйлерде адамдар тұрады ғой. Оларға ештеңе істей алмаймыз.

Енді қалада құжатын реттемей құрылыс жұмыстарын бастауға тыйым салынады. Ережеге бағынбаған мердігерлер қара тізімге енгізілмек. Кез келген көпқабатты үй құрылысын бастау үшін инженерлік желі де әзір болуы керек. Қала әкімінің айтуынша, бұған дейінгі жоспар бойынша үй салынуы тиіс 20-ға жуық учаскеде әлеуметтік нысандар пайда болады. Мектептер, емханалар мен гүлзар, желекжолдар, аулалар мен балабақшалар салынбақ.

Оңғар Алпысбайұлы

Хабарламаларға жазылу