Түркістан облысында су басқан аумақтан 154 адам эвакуацияланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында су басқан аумақтан 154 адам эвакуацияланды

02.02.2023

Түркістан облысының Сауран ауданындағы Бабайқорған, Абай, Игізілік және Үлгілі ауылындағы үйлердің ауласын су басып, 100-ден астам адам эвакуацияланды. Бұған дейін хабарлағанымыздай, мұндай жағдай аймақта қатты жаңбыр жауып, таудағы қар күрт ери бастағаннан кейін қалыптасқан. Соңғы мәліметтер бойынша, Сауран ауданында алты елдімекенді еріген қар суы басқан. Үйлердің ауласы мен көшелер суға толып кеткен соң кейбір тұрғындар үйлерін тастап кетіп жатыр. Үлгілі ауылында қора-қопсыны су басу жағдайлары да тіркелді. Төтенше жағдай қызметкерлеріне судың бетін қайтару жұмыстарына ауыл халқы да жұмылып көмектесіп жатыр. Арнайы техникалар тартылды. Полицейлер кейбір жолдарды жауып, қауіпсіздікті қамтамасыз етіп тұр. Қазірдің өзінде Сауран ауданы бойынша 121 аулаға су кіргені анықталды. 

Жұмағали Мұстафаев, Үлгілі ауылының тұрғыны:
Судың келгенін байқама да қалдық. Төтеннен келді. Қора-қопсыға да,үйге де бәріне кіріп кетті. Мал тұратын қорада үйрек қонып қаз ұшатын болып тұр. Түннен бері күрек алып, ұйықтаған жоқпыз. Түні бойы сумен алыстық. 

Ал облыс көлемінде Бәйдібек, Ордабасы, Сауран ауданы мен Кентау, Арыс қаласындағы үйлердің ауласын су басу жағдайлары тіркеліп отыр. ТЖД-нің күшімен су басқан аумақтан 154 адам эвакуацияланды. Мұндағы тұрғындар туыстарының үйлеріне жайғастырылды. Суды басқа жаққа кетіру жұмыстарына барлығы 308 адам, 51 бірлік техника, 25 мотопомпа, 1 жүзу құралы жұмылдырылды.

Айнұр Ақбаева

Хабарламаларға жазылу