Аманқарағайдағы өрт: Орман шаруашылығының қызметкерлері талапты орындамаған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Аманқарағайдағы өрт: Орман шаруашылығының қызметкерлері талапты орындамаған

22.01.2023

Қостанай облысына қатысты осы апта қоғамда талқыланған тағы бір жаңалық: былтырғы орман өртіне қатысты сот үкімі. Атап айтқанда, Әулиекөл аудандық соты «Басаман орман шаруашылығында» өрт шығуына жергілікті тракторшы кінәлі деп танып, оған үкім кескен. 2 қыркүйек күні ағаш дайындаушы кәсіпкер 43 жастағы тракторшыға «Бағаналы ауылынан жылжымалы вагонды орман арасына апарып бер» деп өтініш айтқан көрінеді. Ал қайтарында орманда тұрған вагонды кері қарай ауылға әкелу керек болған. Техникасында ақау бар екенін, қажетті құрылғымен жабдықталмағандықтан мұржасынан от шашуы мүмкін екенін біле тұра тракторшы кәсіпкердің өтінішін орындауға кіріскен. Ауылдағы вагонды орманға жеткізгенімен, қайтар жолда трактор мұржасынан ұшқын атып, от тұтанған, - деген қорытынды шықты.

Ләззәт Байғожина, облыстық Сот баспасөз қызметінің маманы:

ҚР ҚК 58-бабының 2 тармағы бойынша азаматқа бір жыл бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. 63-бапқа сәйкес тағайындалған жаза шартты түрде деп қабылданды. Іс бойынша азаматтық талап қойылған жоқ. Сот үкімі заңды күшіне енді.

Алайда бұл алапат өртке жалғыз тракторшы кінәлі деген сөз емес. Осы іске қатысты тағы бірнеше лауазымды тұлғаға «қызметіне салғырт қарады, қауіпсіздік шараларын сақтамады» деген айып тағылып отыр. Әзірге сот үкімі шыққан жоқ. Белгілісі: өрт шыққан күні ауа температурасы 38 градусқа көтеріліп, қатты жел соғып тұрған. Ұзақ уақыт жаңбыр жаумағандықтан құрғақшылық та жоғары болған. Бұл өрт қаупінің бесінші деңгейіне жатады. Мұндай жағдайда орманда барлық жұмыстар тоқтап, техниканың кіруіне тиым салынуы тиіс еді. Алайда орман шаруашылығының қызметкерлері осы талапты орындамаған.

Қымбат Чайпарова, табиғи ресурстар және табиғатты реттеу басқармасының бөлім басшысы:

Тек өрт шыққан аумақтағы ғана емес, облыстағы барлық орман шаруашылықтары тексерілді. Көптеген кемшіліктер анықталды. «Басаман» орман шаруашылығының директорының орынбасары, орманды қорғау инженері, басқарма басшысының орынбасары, орман шаруашылығы бөлімінің басшысы тәртіптік және әкімшілік жауапқа тартылды. «Басаман» орман шаруашылығының директорының үстінен қылмыстық іс қозғалды.

Барлығы 40 мың гектар орман, 91 үй, 4 бизнес нысаны, 20 автокөлік өртенді, 122 мал шығын болды. Мемлекетке келген зиян 19 млдр теңгеге жуық деп бағаланды. Өртті сөндіріп, оның зардаптарын жойып шығынды өтеу үшін 2 млдр 680 млн теңге жұмсалған.

Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу